Атырау қалалық соты САЛАУАТОВТАРДЫҢ облыстық аурухана мен денсаулық сақтау басқармасына қатысты берген талап-арызын қанағаттандырды.
Біздің газетіміз облыстық ауруханада емделгеннен кейін мүгедек болып қалған кішкентай Асхат САЛАУАТОВ («Қатерлі екпе», АЖ №35 30.08.12 ж.) туралы жазған еді. Дәрігерлер оған екпе салып, құйымшақ жүйкесін зақымдаған. Бүгінгі күні оның бір аяғы бір аяғынан қысқа және арық.
– Баланың ата-анасы кінәлілердің өз жазаларын алғанын қалайды, әділдікке қол жеткізгісі келеді. Ол үшін алдымен Асхаттың осындай күйге түсуіне дәл осы медицина мекемесінің кінәлі екендігін дәлелдейтін ресми мойындауға қол жеткізу керек болды, - дейді Салауатовтар отбасының адвокаты Гүлсім САБИРОВА.
Дәрігерлердің кінәсін ҚР денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтік қызметті бақылау комитетінің облыстық департаменті жүргізген тергеу растады. Облыстық аурухана сұраған қайта сараптама жүргізу жөніндегі ұсыныстан сот бас тартты. Соттың шешімі бойынша жауапкерлер (аурухана және денсаулық сақтау басқармасы) баланың емделуімен байланысты келтірілген материалдық залал және моральдық зиян, жіберілген қателік үшін 1 млн 700 мың төлеуге тиісті. Сондай-ақ, сот аурухананың медициналық қызметкерлеріне, жекелей алғанда, үш медбике мен емдеуші дәрігерге қатысты екі жеке ұйғарым шығарды. Әзірге үкім заңды күшіне ене қойған жоқ.
– Әсіресе, олардың өз кінәсін мойындамай, жазадан қашуға тырысатындығы өкінішті. Бізді ауруханадан ештеңе болмағандай шығарып жіберді, ал кейін сырқатнама қағазындағы шығару құжатын әлдекім ауыстырып қойды. Қолымызға алғашқы берілген ауруханадан шығару қағазының көшірмесі менде сақталып қалды. Онда бізге невропатологтың бақылауында болуымызға кеңес берілген. Кейін бұл көшірме жоғалып кетіп, дәрігерлік кәртішкеде жаңасы пайда болды, онда бұл тармақ жоқ, біз мүлдем ештеңеге шағымданбағанбыз және біздің маман дәрігерге қаралатындай ешбір себебіміз болмағандығы жазылған, - дейді Асхаттың анасы Нұржамал.
Сондықтан баланың ата-анасы одан әрі шағымданып, кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздеп отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА