Құқық қорғау органдары қазір 14 қыркүйектен 15-іне қараған түні күзетте жүрген полицейге және сәл кейінірек Атырау қаласының ІІБ-на қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлерді іздестірумен айналысуда. Атырау облыстық ІІД-нің ресми хабарламасы әзірге болған оқиғаның толық көрінісін бермей отыр.
Біздің құқық қорғау органдарындағы дереккөзіміз 14 қыркүйектен 15 қыркүйекке қараған түні полицияға қалай шабуыл жасалғандығы туралы әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, бұл террористер тарапынан нақты жоспарланған операция болатын. Оған екі жеңіл көлікке төртеуден мінген 8-ге тарта адам қатысқан.
Исатай-Махамбет алаңындағы алып телемониторы бар үйдің алдында полицияның күзет көлігінің экипажына бірінші шабуыл жасалған. Бұл жерде ішінде 4 адам болған ақ түсті «ДЭУ Нексия» автокөлігі тұрған. Көліктің ішінен екеуі түсіп, полицей күзетіне шабуылды қалай жасаған қолайлы екендігін барлап шыққан. Машина мен адамдар осы жерде орналасқан банктің бақылау бейнекамерасына түсіп қалыпты.
Кезекшілік еткен полицей машинасына оқ жаудыру бір минуттан астам уақытқа созылған. Онда стажердың қасында сержант болыпты. Стажер атыс басталған кезде қашып кеткен. Сержант аяғынан жарақат алғанымен, атысуды жалғастыра берді. Кешікпей ІІБ-нан шақырылған көмек келіп, шабуыл жасағандар қашуға асығады. Полицейлер Сарыөзектегі туберкулезбен күрес ауруханасы жаққа қарай «Нексияның» артынан қуа жөнеледі.
Бұл уақытта ІІБ-ның орталық кіре берісіне басқа бір көлік тоқтап, одан қаруланған 4 адам шығады. «Аллаху акбар!» және «Всех ментов надо замочить!» (орыс тілінде) деп айқайлап, ғимаратқа кірер ауызға жарылғыш құрылғысын лақтырып, қашып бара жатқан полицейлерге оқ ата бастаған.
Олар ғимаратқа осылай еш кедергісіз кірген. Содан кейін кезекші бөлімі жаққа қарай тағы бір жарылғыш құрылғысын, тағы біреуін жоғарғы қабатқа көтерілетін баспалдаққа лақтырған. Содан кейін артқы аулаға апаратын қарама-қарсы есікке жақындап, алаңқайға тағы бір жарылғыш құрылғысын лақтырған. Айтпақшы, содан кейін ғимараттың ішінде полиэтилен пакеттерге салынған жарылмай қалған бірнеше қолдан жасалған бомбалар табылды.
Шабуыл жасаған жігіттердің қолында Калашников автоматтары болған, олардан үздіксіз оқ жаудырған деген айғақтар бар. Ғимараттың бірінші қабатының быт-шыты шыққан.
Сол күні ІІБ-да 2 автоматшы полицей кезекші болулары тиіс еді. Қазір олардың автоматтары неліктен үнсіз қалғандығына қатысты қызметтік тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталық кеңсеге террористердің басқа тобы шабуыл жасады дегенді естіген полицей автокөліктері «Нексияның» соңына түскен қуғынды тоқтатып, шұғыл арада жеткенше олар ІІБ ғимаратының алдына қойған өздерінің көліктеріне мініп, кетіп қалған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
«АЖ» редакциясынан:
Біздің сайтымыздағы комментаторлардың бір бөлігі халыққа ештеңеге алаңдамауға болады, өйткені өткен жылғы және қазіргі терактілер тек құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы бағытталған деп жорамал жасайды. Әсіресе компьютер алдында отырғанда бұл ұстаным бейтарап әрі қолайлы көрінеді. Іс жүзінде бомба ұстаған адамдар ешкімге - өздеріне де, адамдарға да таңдау қалдырмайды. Біз енді сырттан бақылаушы емеспіз - біз кепілге алынған тұтқындармыз. Күш құрылымдарын мүлт кеткендері үшін қанша мінеп-сынасақ та, қазір олардан басқа ешкім де террористерге қарсы тұра алмайды.