"Ақ жол"партиясының баспасөз қызметі сенбі күні, 15 қыркүйекте орталық кеңестің пленумы болғанын хабарлады. Онда мәжіліс депутаты Аманжан РЫСҚАЛИДЫҢ өтініші қаралып, оның мандатын партияның орталық кеңесінің хатшысы, Ақмола облысының кәсіпкері Талғат ЕРҒАЛИЕВҚА беру туралы шешім қабылданған.
"А. Рысқали өз өтінішінде мұндай шешімді қоғамда резонанстың туындауына және моральдық-этикалық түсінікке байланысты қабылдағандығын, бірақ партияның мүшесі болып қала беретіндігін көрсеткен" делінген баспасөз релизінде.
«Аманжан Рысқали біздің әріптесіміз, берілген өтінішке сәйкес ол партия мүшесі болып қала береді. Біз оған амандық әрі денсаулық тілейміз», - деді пленумда партия төрағасы Азат ПЕРУАШЕВ.
Пленумға партия мүшесі А. Рысқали қатысты ма? Қазір Аманжан Сәулебайұлы қайда? Біз бұл сұрақтарға жауап ала алмадық, партияның жауапты тұлғалары сенбі күні түске қарай жұмыс орындарында болмаған еді.
2005 жылы "АЖ"-ның облыстық мәслихатына депутаттыққа үміткер Аманжан Рысқалидың бұрын істі болғандығы туралы жазғаны көпшіліктің есінде шығар. Сол кездегі облыс әкімі Аслан МУСИН бүкіл жергілікті баспасөз арқылы оны жұртшылық алдында қолдап сөз сөйлеген болатын. Ал біздің редакциямызды күні бойына оның туған жері Мақаттан автобуспен әкелінген "наразы болған тұрғындар тобы" басып алып, жарияланған мақаланы теріске шығаруды талап еткен еді. Наразы топтар қала басшылары мен құқыққорғау органдарының өкілдері келгеннен кейін ғана тарады. Ал Мусин әкім боп тағайындалғаннан кейін 2002 жылдың мамырында біздің баспаханамызға өрт қойылғандығы туралы хабар сол кезде президентті де алаңдатып, бас прокурорға тергеу ісін өз бақылауына алуды тапсырған болатын.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
15 қыркүйек 2012, 17:59