Атырау, 4 қазан 08:08
 ашықВ Атырау +24
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Атырау қалалық ІІБ кезекші бөліміне шабуыл жасалды: жараланғандар бар (толықтырылды, +ІІД хабарламасы, +ФОТО)

5 357 просмотра

Бүгін, 14-інен 15 қыркүйекке қараған түні, жергілікті уақыт бойынша шамамен 00 сағат 30 минутта Атырау қаласы ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне шабуыл жасалды.

Түнде қаланың ішкі істер бас басқармасының ғимаратын полиция қоршап алды және ешкімді жақындатпады. Оқиға орнына келген журналистерге әзірге ешқандай ақпарат берілмеді. 
Полициядағы дереккөздер бейресми түрде хабарлағандай, ҚІІБ ғимаратына белгісіз үшеу кіріп келіп, полицейлерге оқ ата бастаған. Жараланған адам бар. Белгісіз тұлғалар бой тасалап үлгеріпті. Тағы бір бейресми ақпарат бойынша, шабуыл жасаушылар ҚІІБ кезекші бөлімінің ғимаратына жарылғыш құрылғысын лақтырып кеткен. 
ҚІІБ ғимаратында белі мен жамбасынан жарақат алған полицей "жедел жәрдеммен" облыстық ауруханаға жеткізілді. Алайда  оған травматология бөлімінде көмек көрсетіліп, үйіне жіберілуіне қарағанда, ұсақ жарқыншақтардан немесе зақымдағыш қару оғынан алынған жеңіл жарақат болуы мүмкін. 
Облыстық ауруханаға Махамбет пен Исатай алаңы маңындағы Құлманов көшесіндегі 107-үйдің жанында кезекшілік етіп жүрген тағы бір патрульдік күзет қызметінің полицейі жеткізілген. Оны белгісіз біреулер бытыралы қарумен аяғынан жаралапты. Тізесінен зақым алған полицияға ота жасалған, қазір жағдайы тұрақты.
Қазір қалада "Перехват" жоспары жарияланды, барлық полицейлерге табельдік қару беріліп, күзеттер қойылған. 
ҚІІБ ғимараты Әлия Молдағұлова көшесі мен Қаныш Сәтбаев даңғылының қиылысындағы қала орталығында орналасқан. Оған ҰҚК, облыстық және қалалық прокуратура ғимараттары көршілес жатыр.
Азамат МАЙТАНОВ, Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

 

Атырау облыстық ІІД хабарламасы 

Қыркүйектің 14-і күні сағат 23.52 минутта Атырау қаласындағы Исатай–Махамбет орталық алаңында екі белгісіз азамат қалалық ішкі істер басқармасының патрульді бекет қызметінің қызметкеріне оқ атып, нәтижесінде полиция қызметкері бытыра оғынан аяғынан жарақаттанды. Полиция қызметкерінің табельдік қару қолданылғанынан соң қылмыскерлер оқиға орнынан қашып кеткен.
15 қыркүйек күні 00 сағат 10 минутта ҚІІБ ғимаратына белгісіз екі азамат кірмекші болып, бақылау–өткізу пунктіне жанғыш затпен толтырылған бөтелке лақтырып, оқ атқан. Оқиға нәтижесінде осында болған №5546 әскери бөлімнің жауынгері бытыра оғынан жарақат алды. ІІБ-ның кезекші инспекторының қарсы оқ атуынан соң қылмыскерлер оқиға орнынан іздерін жасырған.
Қазіргі күні жарақат алған екі тәртіп сақшысы ауруханада, жағдайлары қанағаттанарлықтай. Зардап шеккен өзге адамдар жоқ.
Қылмыстық іс көтеріліп, қылмыскерлерді анықтап-ұстауға бағытталған жедел–іздестіру шаралары жүргізілуде.

Атырау ОІІД баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

15 қыркүйек 2012, 10:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.