Кеше, 12 қыркүйекте қоғамдық орындарға жарылғыш құрылғылары қойылған деп екі мәрте жалған қоңырау шалған 29 жастағы телефон лаңкесі ұсталды.
Құлсарыдағы тұрғын үйде террористерді ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізіліп жатқандығы туралы БАҚ-тарда ақпараттар жарияланғаннан кейін, іле-шала «Насиха» сауда орталығына бомба қойылғандығы туралы алғашқы қоңырау полицияға сағат 13-те түсіпті. «Насиханың» ішіндегі адамдар шығарылып, саперлер жұмыс істеп жатқан кезде екі сағаттан кейін сол ұялы телефон нөмірінен тағы бір қоңырау түскен. Бұл жолы белгісіз жан №17 мектепке қойылған жарылғыш құрылғысы туралы хабарлаған.
- Криминалдық полиция қызметкерлері сол күні кешкісін 29 жастағы күдіктіні ұстады, - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВА.
Бұл адам бұрын да құқыққорғау органдарының көз қырына түскен екен. Мұхтарованың айтуынша, тамыз айында ол алғаш рет осындай қылмыс жасаған. Сол кезде ол Канцев көшесіндегі тұрғын үй лифтісіне бомба қойылғандығы туралы хабарлапты. Сол факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеуге алынған тұлға басқа жаққа шықпау туралы қолхатпен жүрген. Әлі тергеуде жүрсе де, ол осындай қылмысты бір күн ішінде екі рет жасап отыр.
- Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жаңа екі эпизодқа қатысты 242-бап бойынша («Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау») қылмыстық іс қозғалды, - дейді Мұхтарова.
«Құлсарыдағы оқиғалар мен осы телефон қоқан-лоққысы арасында байланыс бар ма?» деген сұраққа Мұхтарова «жоқ» деп нық жауап берді.
Әзірге тексерілмеген ақпарат бойынша, ұсталушы психиатрлардың есебіне алынған екен. ІІД мәліметтері бойынша, оның есі дұрыстығына қатысты медициналық сараптама тағайындалған.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА