Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТІҢ хабарлауынша, бүгін, 13 қыркүйекте №2 қалалық сотының санкциясы бойынша «АТГ Құрылыс» ЖШС директоры Жанболат ДҮЙСЕНБАЕВ қамауға алынды.
Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 3-тармағында қарастырылған қылмысты (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету )жасады деп айыпталуда. Бұған дейін оған іздеу жарияланған болатын.
Ғалиевтің айтуынша, аталмыш бизнесмен биылғы жылдың 31 тамызында облыс активінің жиналысында Бас прокурор А. Дауылбаев мәлімдеген сыбайлас жемқорлық фактілерін тергеу аясында қамауға алынған. Оның баяндамасында тендерлерге қатысты заңсыз артықшылықтар берілген компаниялар арасында «АТГ Құрылыс» ЖШС аталған болатын. Компания Атырау облысындағы әлеуметтік объектілерді салуда 19 млрд теңге табыс тапқан.
Ал Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТЕН кейін облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ (суретте) те ұсталған.
Қаржы полициясы таратқан баспасөз релизіне сәйкес, «6 қыркүйекте Атырау қаласындағы мектеп пен аурухана қызметкерлеріне арналған несиелік баспана салуға бөлінген 177,5 млн теңге сомасында бюджет қаржысын ұрлау фактілері бойынша, сондай-ақ, есептен шығарылған «Гурьев-Мақат» су құбырының құбырларын, «Атырау Ақпарат» КМК-нің әкімшілік ғимараты мен оған қарасты аумақты, «ОблТрансГаз» КМК-нің газ құбырлары мен өзге де мүлкін заңсыз жекешелендіру арқылы мемлекетке 7 млрд теңгеден астам залал келтірумен қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды».
Сондай-ақ, бүгін, 13 қыркүйекте Атырау қаласында қатты қалдықтарды көмуге арналған полигонды салуға бөлінген 111,8 млн.теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарланды.
- Қылмыстық істер тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды, - деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.
Облыстық әкімдіктегілер Б. Жантеміровтің 7 қыркүйекте өз қалауымен жұмыстан шығып кеткенін хабарлады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА