Биыл жастар жылына орай Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға арналған жол картасы жасалып, республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге қаралады. Бұл қаржы облыстардағы жастар санына байланысты бөлініп, жастардың білім алуына, кәсіп ашуына, денсаулығына жұмсалады. Бұл туралы брифингте Атырау облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Роллан ҚҰСПАН мәлімдеді. Ал 2013 жылдан бері жұмыс істейтін «Жас Отау» тұрғын үй бағдарламасына келсек, соңғы 100 пәтерлік үй табыс етілгеннен кейін мүлдем тоқтатылады.
АЖ сауалдары:
«Жас Отау» бойынша салынып жатқан соңғы үй қашан беріледі?
Үйдің құрылысы аяқталып, жылу, жарық, байланыс бәрі қосылып тұр, жақында тапсырылады. Біздер ол үйді денсаулық сақтау саласының және өзге де қажетті жас мамандарға бергіміз келген. Бірақ оны төлем қабілетіне қарай «Тұрғынүйжинақ» банкі үйлестіреді. Кімнің қаржысы отбасы мен бала шағасынан артылып, ипотека төлеуге жетсе, сол алады. Қазіргі кезде банктің іріктеуі бойынша 100 пәтерлік үйге 20 отбасы ғана өтіп тұр.
Жастар арасында жұмыссыздық неге азаймай отыр?
Облыста жыл сайын жүздеген жұмыс беруші жәрмеңке өткізіп, 2 мыңнан астам жастар қатысады. Бірақ басым көпшілігі жұмысқа шақырылмайды. Өйткені алған білімдері жұмыс беруші талабына сәйкес келмейді. Яғни, жастар еңбек нарығында сұранысы аз кәсіптерді меңгерген.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор