Атырау, 27 желтоқсан 09:26
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Заңгер басшылыққа қарсы

3 057 просмотра

Егер адамды жұмыстан шығарып жіберуге болмайтын болса, онда оны жай ғана жұмыс орнына жібермей қоюға болады. Ал егер адам жұмыс орнында болмаса, онда бұл оны жұмыстан шығарып жіберуге себеп бола алады.  Міне, осындай логика бойынша әрекет еткен жұмыс берушілер Бибігүл ҒИЗАТОВАНЫ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментіне арыздануға мәжбүр етті.

7 айлық жүктілік мерзіміндегі әйелді өзі заңгер  болып жұмыс істеген «ДСУ КасТаДор» ЖШС-дегі жұмыс орнына себебін түсіндірместен жібермей тастаған.

– Осы ЖШС-тегі 2011 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың тамыз айына  дейінгі жұмыс жасаған уақытта мен бірнеше рет Еңбек кодексінің бұзылуының куәсі болдым. Жекелей алғанда, компания қызметкерлеріне сақтандыру жүргізбейді, оларға акт негізінде сыйақыны бермей тастайды, тіпті, түсініктеме жазуға да мүмкіндік бермейді. Жұмысқа жарамсыздарды жұмысқа шықпағандығы жөніндегі акт бойынша шығарып тастайды, іс жүзінде әкімшілік оларды өз жұмыс орындарына жібермейді.  Адамдардың еңбекақысын кешіктіреді, еңбек демалысының  ақысын демалыстан келгеннен кейін ғана аударады, тиісті 8 сағаттан артық жұмыс жасауға мәжбүрлейді, - деп әңгімелейді Бибігүл.

Ол редакцияға өз арызының  департаментте жауапсыз қалуынан қауіптеніп хабарласып отыр. 

- ЖШС-те азаматтардың шағымы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру департаментінен бірнеше рет тексеру жүргізілді. Алайда, бұл тексерулерден ешқандай нәтиже жоқ, өйткені, департамент қызметкерлері әкімшілікке жұмысқа шықпау жөніндегі актті қалай дұрыс жасау керектігін немесе заң бұзушылықтарды жеңіл-желпі кемшіліктер ретінде жазып көрсетуге кеңес береді, - деп сендіреді Бибігүл.

Біздің жазбаша сауалымызға еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінен ресми жауап келді: «Осы аталмыш ЖШС-нің заңгері 9 тамыздан бастап жұмыстан ешқандай себепсіз шығарылған, осылайша  ҚР Еңбек кодексінің 50-бабы бұзылып отыр. «ДСУ КасТаДор» ЖШС-де 147 адам жұмыс жасайды, келісім-шарт бойынша сақтандыру компаниясында олардың 124-і сақтандырылған, демек, қалған 23 адам сақтандырылмаған, ал мұның өзі Еңбек кодексінің 317-бабы, 1-тармағының 12-тармақшасын бұзған болып есептеледі. Өйткені, жұмыс беруші осы бапқа сәйкес қызметкерді еңбек міндеттерін (қызметтік) орындау барысында бақытсыз жағдайлардан сақтандыруға міндетті. Еңбекақыны есептеу жұмыс уақытын есептеу табеліне байланысты жүргізіледі. Сол табель бойынша бұл қызметкердің үстеме уақытта жұмыс істемегендігі анықталды. Мекемеде еңбекақы жүйелі түрде 1-6 күн кешіктіріліп отырады. Айталық, 2012 жылдың шілде айының жалақысын 3 күн, ал, маусым айының ақшасын 4  күн кешіктірді. Еңбекақы төлеу барысындағы кемшіліктер орын алған бірде-бір жағдайда оның кешіктірілгендігі үшін Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесіне сәйкес өсімдер есептелмеген. Бұл да заң бұзушылық болып табылады. Бұдан басқа, аталмыш мекемеде еңбек демалысы берілген уақытта тиісті төлем белгіленген мерзімнен кешіктіріліп беріледі, яғни, демалысқа шыққанға  дейінгі 3 күннен кешіктірілмей берілуі керек. Қызметкерлер еңбек демалысының ақысын 12-17 күнге кешіктіріп алады. Кешіктірілгені үшін өсім де есептелмейді. 

Тексеру қорытындысы бойынша «КасТаДор» ЖШС-не қатысты әкімшілік шаралар алынды, ал оның директорына әкімшілік айыппұл салынды.  Департамент қызметкерлерінің «КасТаДор» ЖШС-де тексерулерді дұрыс жүргізбейді деп тағылған кінәға келетін болсақ, инспектор Өтеш ОҢАЙБАЕВТЫҢ  сендіргеніндей, бұл тексеруге дейін осы мекеменің басқа да қызметкерлерінің арызы бойынша департамент екі рет тексеру жүргізді және екі жағдайда да әкімшілік айыппұл салынды. Соңғы арыз бойынша шағымданушыға жұмысқа қайта қабылдану  және жұмыстан мәжбүрлі түрде босатылғандығы үшін өтемақы төлеу  жөніндегі ұйғарым берілді».

Бірақ, Бибігүл мұнымен қанағаттана қойған жоқ, ол сот арқылы жұмыстан тыс уақытта жұмыс істеткені үшін өтемақы алуды көздеп отыр. Оның жұмыстан кейін қалып жұмыс істеуге мәжбүр болғандығын растайтын куәгерлері де бар (куәгерлердің өздері де жұмыстан тыс уақытта қалғандар). Ендігі шешім сот еншісінде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ суреті

12 қыркүйек 2012, 23:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.