Атырау, 27 желтоқсан 08:57
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Оңай олжа орға жығады

2 431 просмотра

Соңғы кездері Атырау қаласының кейбір тұрғындары «Қазпошта» АҚ арқылы қайдан келгені белгісіз, ірі ақшалай жүлдеге байланысты құттықтау хаттарын алып келеді.

Мәселен, Атырау қаласының тұр-ғыны Гауһарға жақында «Қазпошта» АҚ қызметкерлері 1 300 000 теңге ақшалай ұтысқа ие болдыңыз деген хатты жеткізіп берген.

Гауһар бұлардың өзінің мекен-жайына қалай келіп тұрғанына таң. Ол «Қазпошта» арқылы ешқандай хат жөнелтпегенін айтады және өзінің мекен-жайын бұл мекемелердің қалай алғанын түсінбей дал.

- Өзімнің басымда бірнеше несием бар еді, соны жаба салатын болдым-ау деген ойдың келгені де рас, - дейді Гаухар.- Алайда, хаттың ішіндегі қағаздардың келесі бетінде ақшаға қол жеткізу үшін хат ішіндегі каталог (ыдыс-аяқ, косметика және т.б.) бойынша тапсырыс беріп, төлем жасау керектігі жазылған. Одан бөлек, хаттың ішіне «Бонус» атты ұтыс билеті салынған. Онда жасырын жолақ бар. Оны кетірсеңіз, үш бірдей жұлдызша шықса, тағы 100 000 теңге ұтысқа ие боласыз делінген. Хаттың қайдан келгенін қарасам, онда «На дом сервис» ЖШС, 010000, Астана қ., Әуезов көшесі, 13, Главпочтамт, а/я 40» деп жазыпты. Қысқасы, бұл қарапайым адамдарды кезекті алдаудың арбауына түсіру екендігі түсінікті болды. Бірақ, олар менің мекен-жайымды қайдан біліп алды?

Біз бұл жайтқа қатысты  «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ержан ОМАРОВҚА мән-жайды түсіндіріп беруді сұрадық. Е.Омаров біз көрсеткен хатпен танысып шығып, «На дом сервис» ЖШС-мен арада шарт жасалғанын және шарт бойынша белгілі бір төлем бойынша хаттарды көрсетілген мекен-жайларға жеткізіп беріп отыруға міндет алғанын айтып өтті.

- Соңғы уақытта өз тауарларын жарнамалайтын компаниялардың «Қазпоштаға» сұранысы артып кетті. Бірақ, осы компаниялардың тұрғындардың мекен-жайларын қайдан алатыны белгісіз. Рас, ол мекемелер бізден жазылушыларымыздың мекен-жайын сұрап жатады. Бірақ, біз оларға өзіміздің мәліметтер базамызды бермейміз, берген де жоқпыз.

Хат ішіндегі қағаздармен танысып, қызықтырған сомалар мен ұтыс билетін көргенде Ержан Омаров басын шайқады да: «осындай хаттарды елеу-елемеуді, оларға сену-сенбеуді әркім өзі шешеді» деді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 қыркүйек 2012, 23:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.