Индер ауданы Елтай ауылының 22 жастағы тұрғыны Қуат ЖАНЕСЕЕВТІҢ (суретте) өмірі екі жыл бұрын ол көлік астына түскенде бірден өзгеріп сала берді.
- Қатты соққыдан ұшып кеткенім аздай, қарсы келе жатқан автобусқа ұрылдым. Белім қытыр еткендей болды, екі аяғым қайрылып басыма тиіп жатты. Ауруханаға жеткізгенімен бірден қабылдамады. Содан кейін есімнен танып қалыппын, - дейді Қуат.
Бұдан соң ол төсекке таңылып бірнеше ай жатты. Екі омыртқасы мен жұлынға зақым келген. Қуатқа 13 ретота жасауға тура келді. Елтайдың қырында мал ұстап, шаруасын дөңгелентіп отырған Қуаттың әке-шешесі Ғибатолла мен Айгүл қиын шақта баласының қасынан қарға адым аттамады. Бүгінде мал шаруашылығындағы кәсіптерін тастап, Елтайдағы үйлеріне келіп алған.
- Қуат отбасындағы төрт баланың үшіншісі. Ол бізге өте қымбат. Қорқынышты оқиғадан кейін көп күндерден өтіп барып алғаш рет жүзіне күлкі үйірілгенде, біз жылап жібердік, - дейді Қуаттың анасы Айгүл.
Қуаттың әріптестері де қолғабыс етті. Ол «Шуақ қала» ЖШС-нде оператор болып жұмыс жасағанына алты ай болса да ұжым мүшелері Қуаттың қиын сәтін бірге бөлісті. Оған ноутбук сыйлап, мереке сайын ұмытпады. «Шуақ қала» ЖШС-нің директоры Жәлел НҰРЕКЕШОВТЫҢ қолдауымен 2010 жылдан бері ай сайын 50 мың теңге жалақысы беріліп тұрады екен. 1-ші топтағы мүгедектігіне байланысты зейнетақысы тағы бар.
- Мен спортқа жақынмын ғой, жақсы волейболшы болғам, - деді Қуат көңілі түсіңкі болғанымен, салмақты кейіпте. – Басыма қиын жағдай түскенде бәрі бітті деп ойладым. Бірақ, уақыт өте келе, өзімді тірілей көмуге асықпай, бір істі бастау керектігін түсіндім. Өз атыма кәсіпкерлік қызметке патент рәсімдеп алдым. Біздің ауылдан аудан орталығы - Индербор поселкесіне дейін 9 шақырым. Жұмыс іздесем сол жерден табатыныма өзімді сендірдім. Осылайша ксерокс сатып алып, халыққа қызмет көрсету орталығы залынан шағын орын алдым. Енді сонда келушілерге қажетті құжаттардың көшірмесін түсіріп беремін. Адамдар арасында болып, оларға пайдаңды келтіре отырып, мүгедек екеніңді ұмытады екенсің...
Дүйсенбіден бастап Жанесеевтар отбасында қарбалас басталады. Таңнан бастап Ғибатолла машинасын оталдырып, қыздырады, ал Айгүл түскі асын әзірлеп беріп жібереді. Соның өзінде Қуаттың арманы асқақ, ол келешекте немен айналысатынын да ойлап қойды, бірақ, ол туралы бөлісуді ерте санады...
Қуат - атына заты сай, ерік-жігері мен қуат күшіне бай жігіт.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор