Атырау, 29 қараша 02:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Елді Мавроди елесі кезіп жүр-2

2 623 просмотра

Қазақстанда 16 мың долларынан айырылған алматылық тұрғынның шағымы бойынша «МММ-2011» қаржы пирамидасының қызметіне байланысты алғашқы қылмыстық іс қозғалды. Алаяқтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Біз Атыраудағы Мавроди ізбасарлары қалай және немен өмір сүріп жатқанын анықтауды ұйғардық.

СУҒА БАТПАЙТЫН ЖҮЙЕ

Өткен жылдың басында «МММ-2011» пирамидасын іске қосқан кезде Сергей МАВРОДИ салымдардың сақталатындығына ешқандай кепілдік бермейтіндігін мәтінмен ашық ескерткен болатын. Биылғы жылдың мамыр айының соңында «МММ-2011» қатысушыларына қатысты бүкіл төлемдер тоқтатылды, ал Мавроди төлемдер енді болып қалар деп уәде беріп, «МММ-2012» пирамидасын қолға алды. Шамасы, алдыңғы пирамида қатысушыларына қарыздарын жабу үшін шығар. Сөйтіп осынау таңғажайып жанның тағы да айы оңынан туды: оның ресми сайтында Германияда, Молдовада, Латвияда, Мысырда, Үндістанда «МММ-2012» кеңселері бар екендігі туралы ақпарат бар, ал жалпы салымшылар саны 35 млн адамнан асады екен.

«Елді Мавроди елесі кезіп жүр» деген тақырыпта жарияланған (12.04.12 жылғы «Жайық самалы», №15) мақаламыздың кейіпкерлері Айдар мен Александр Атыраудағы МММ-2011 қызметі туралы әңгімелеген еді. Ынталана түсіндірген жас жігіттер бұл жүйенің жұмыс жасайтындығы туралы, тиімді екендігін және ақшалардың адал төленетіндігіне мені сендірмек болған-ды. 

Мен Александрға қоңырау шалып, бүгін оның жағдайы қалай екенін білмек болдым. Менің қоңырауымды ол салқын қабылдады, бар болғаны пирамиданың қызметіне бұрынғыша қатысып жүргенін, өзінде бәрі жақсы екенін ғана айтты. Ал қоштасар кезде: «Жүйеде жоқ адам бәрібір ештеңе түсінбейді» дегенді қосып қойды.

 

НОСТРАДАМУСТЫҢ БОЛЖАМЫ

Александрмен сөйлескеннен кейін маған басқа Рада есімді пирамида өкілі хабарласты:

– Мен сізбен сөйлесемін, бірақ екі шартым бар. Сіз тапсырысқа берілген мақала дайындап жатпағаныңызды дәлелдесеңіз. Және бүкіл әңгімемізді диктофонға жазып алатын боламын.

Сөйтіп келесі күні кездестік. Орта жастардағы әйел бұрын сақтандыру компаниясында жұмыс істегенін, бірақ МММ-2011 салымшыларының қатарына кіргеннен кейін жұмыстан шығып кеткенін айтты. Оның жүйесінде 50-ден астам адам тұр екен. МММ-нің қаржы ойынына қанша атыраулық қатысатындығын білмейтін болып шықты.

– Қазақстанда МММ-2011 өкілдеріне қарсы алғашқы қылмыстық іс қозғалғанын білесіз бе? Жапа шегуші пирамидаға 16 мың доллар салып, уәде етілген сыйақы түгілі, өз ақшасын да қайтара алмаған.

– Біріншіден, мен ешқандай да қылмыстық іс туралы естіген жоқпын. Әлі ештеңе дәлелденген жоқ. Екіншіден, мұндай көп ақшаны салудың қажеті қанша еді? Сараңдық адамдардың түбіне жетеді. Содан кейін олар шыдамсыз боп келеді. Бірден көп нәрсе сау ете қалса екен дейді.

– Ал сіз өзіңіз қанша салдыңыз?

– Аз ғана. Бар болғаны 20 мың теңге. Мен ешкімді көп ақша салуға мәжбүрлемеймін, үгіттемеймін де. Керісінше, аз ақшамен жұмыс істеуге кеңес беремін.

– Сіз МММ-2011-ден өз ақша-ңызды қайтарып алдыңыз ба?

– Әзір алған жоқпын. Ақшалар кезекпен төленеді. Кезегім жеткенде мен де аламын.

– Мұндай «күту» режимінде қанша адам тұр?

– Бәрі үшін айта алмаймын. Менің өзімде осындай 6 адам бар. Бірақ олар міндетті түрде ақшаларын күтетін болады.

– Сіз неліктен МММ қатарына кіруді ұйғардыңыз?

– Өйткені бұл жүйе сананы төңкеріп, біріктіреді. Бірге болсақ көп нәрсеге қол жеткіземіз. Бұл жеңіл ақшаға қол жеткізу емес, өзара көмек. Бүгін менде ақша болса, оны мұқтаж жанға беремін. Егер маған ақша керек болса, оларды басқа біреу беретін болады. Бұл - қайырымдылық тізбегі.

– Неліктен Атырауда МММ-2012 кеңсесі жоқ? Егер пирамида күйресе, адамдарға өз талаптарын қоя алатын жер де жоқ қой.

– Сіз неге мұндай сұрақ қоясыз? Біріншіден, МММ-2012 күйремейді. Екіншіден, бүкіл операциялар интернетте жүргізіледі, сондықтан кеңсе ұстау тиімсіз. Үшіншіден, мен үнемі байланыстамын, ешкімнен жасырынбаймын, төртіншіден, ешкімді бұл жерге кіруге мәжбүрлемейді.

– «Мұқтаж жандарға» қол ұшын беру – жүйенің міндетті шарты ма?

– Жоқ, бәрі де ерікті түрде.

– Ал егер мен ақша салып, бірақ оны мұқтаж жандарға аударудан бас тартсам ше?

– Онда жүйеден шығасыз.

Біздің әңгімеміз ұзақ әрі қиын болды. Рада әңгіменің «тапсырыс» мақаласы туралы болып отырмағанын түсінген секілді, өйткені мен сұхбаттасушымды шынайы түсінуге тырысқан едім. Әсіресе, Мавродидің қызметі туралы Нострадамустың айтып кеткендігі туралы оның  теориясы таң қалдырды: «Ол 2012 жылы жер бетін өрмек тор шырмап алады деп айтқан. Өзіңіз қалай ойлайсыз, бұл қандай тор? Бұл - МММ. Мавроди адамзаттың санасына төңкеріс әкеледі», - дейді сұхбаттасым.

 

ӨЗІҢІЗ ОЙЛАП, ӨЗІҢІЗ ШЕШІҢІЗ

Сергей Пантелеевич Мавроди ұсынып отырған өзара көмек көрсететін пирамидаға қатысу әркімнің жеке шаруасы. Бірақ мынаны есте сақтау керек. Біріншіден, пирамида заңды тұлғаны тіркеусіз жұмыс істейді. Екіншіден, ақша беру ерікті түрде жүргізіледі және ешқандай келісім-шартпен немесе қолхатпен расталмайды. Әлдеқандай жағдай бола қалғанда, өз ақшасын қайтарып алу өте қиын болады.

Атырау облыстық экономи-калық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Алтынай МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта қаржы полициясының өндірісінде «МММ-2011» пирамидасына қатысты іс жоқ екен. Атырау облысының тұрғындары осыған қатысты құқыққорғау органдарына шағымданбаған.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы

12 қыркүйек 2012, 23:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.