Соңғы екі күнде Атырау – Орал тас жолының 5 шақырымында көлік жүргізушілері қалалық қоқыс алаңынан шығып жатқан қалың түтіннен шамдарын жағып өтуге мәжбүр болды. Ал батыстан соққан жел ащы түтінді халық тығыз орналасқан Привокзальный ықшамауданына айдап әкетті.
«Арнаулы автобаза» КМК директоры Арман ТӘШЕНОВТІҢайтуынша, өрт шыққан жерде 2 бульдозер, жүк тиеуіш машина және 4 самосвал жұмыс жасап жатқан көрінеді. Олар жалындап жатқан қалдықтардың үстіне топырақ төгуде.
Экология департаментінің бөлім бастығы Қуандық ЕСМҰХАНОВТЫҢ айтуынша, жыл басынан бері қалалық қоқыс алаңында шыққан 4 өрт фактісі тіркелген. Олар Атырау тұрғындарының экология департаментіне шағымдануларының арқасында белгілі болды. Ал іс жүзінде статистика одан да асып түседі.
Департаментте қатты тұрмыстық қалдықтардың өртенуі барысындағы келтірілетін экологиялық залалды анықтау әдістемесі жоқ, егер ол болған жағдайда «Арнаулы автобазадан» қомақты айыппұл өндіріп алуға болатын еді. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі таяу арада бұл әдістемені жасақтауға уәде беріп отыр. Сол кезде қоқыс жинаушыларға оңай тимесі анық.
Қоқыс газын жағуға мүмкіндіктер қарастырылған жаңа қоқыс алаңының құрылысы аяқталғаннан кейін оның жанындағы қазіргі түтіндеп жатқан ескі алаңның тағдыры не болады деген мәселе де өзекті болып отыр. Экологтар ескі қоқыс алаңын топырақпен көміп тастау керектігін алға тартады, өйткені, ондағы жиналғанның бәрін сұрыптауға тырысатын болсақ, радиация түрінде әлдебір жұқпалы нәрсе сыртқа тарап кетпейтініне кім кепіл? Ал бұл аймаққа қоқысты сонау 70-ші жылдардың ортасынан бастап әкеліп төкті.
Тағы бір мәселе: егер жаңа қоқыс алаңында қандай да бір себептермен өрт шығатын болса, не істеуге болады? Экологтар сол жерде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін цехтарды салуды ұсынып отыр: азық-түлік қалдықтары – малға, қағаз- макулатураға, ағаш - жићаз өндірісіне, металл, пластик, әйнек – қайта балқытуға. Батыста тіпті, қоқыс газының өзі тұтатқышты тұтандыруға пайдаланылады екен. Онымен тек біз ғана тыныстаудамыз...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
«Бұл жанып жатқан теңіздегі қураған қамыс», - деп хабарлады өртке қарсы қызметтегілер Химзавод маңындағы өрттің қайдан шыққанын сұрағанымызда. 101 қызметі диспетчерлерінің сендіргеніндей басқа ақпарат жоқ, АМӨЗ-да бәрі тыныш. Зульфия БАЙНЕКЕЕВА