Облыстың құқыққорғау органдары 5 қыркүйек күні сағат 13-те Молдағұлова көшесіндегі жеке тұрғын үйде қолдан жасалған бомбаның жарылып, бір адамның ажал құшу фактісін тергеу барысы жөнінде жақ ашпай отыр. Бұл түсінікті де – тергеу жұмыстары жүріп жатыр, соның ішінде терроризмге байланысты жорамал жасалып жатқан болар. Сондықтан біз құқыққорғау органдарынан тыс дереккөздерге және өз айғақтарымызға ғана сілтеме жасай аламыз.
Полиция үйдің қоршауын 6 қыркүйекте алып тастады. Бірақ астаналық криминалистер Молдағұлова көшесіндегі 94-үйден шықпастан жұмыс істеуде. «АЖ» тілшісіне жарылыс болған орынды көруге мүмкіндік туды. Бұл шамамен 5х10 метрдей көлемдегі үй екен. Үйдің Молдағұлова көшесіне қарайтын алдыңғы жағында «Ақ Маржан» шаштаразы орналасқан. Жарылыс орын алған бөлмеге аула арқылы кіреді екен. Табалдырықтың қақ алдында, бөлме еденінде кепкен қанның үлкен дағы жатыр. Салат түстес қабырғада күйенің және бомбаның зақымдау элементтері көрінбейді. Қолдарында шабадандары бар криминалистер заттарды тексеріп қарап жүр. Тілшіні көрген олар сыпайы түрде тергеу амалдарына кедергі келтірмес үшін шығып кетуді өтінді. Сондықтан суретке түсіріп алуға мүмкіндік болмады.
Тергеу ісіне қатысы жоқ дереккөздерден белгілі болғандай, қаза болған 21 жастағы Нұрлыбек САҚАУОВ бұл үйді жалға алушы емес екен, осы бөлмені жалдап отырған адамға шаруамен келген көрінеді. Соған қарағанда, олар бомба дайындаумен айналысқан. Олардың бірі Сақауовтың қолында жарылған. Қабырғада зақымдау элементтерінің ізі жоқ болғандықтан, оның сыртқы қабаты болмаған, яғни, шегемен, бұрандалармен және т.б. бектілмеген, жарылыс толқынымен оның екі қолын жұлып әкетіп, ол сол сәт көз жұмған деп болжауға болады
Жарылыстың күштілігі сондай, «Ақ Маржан» шаштаразы қызметкерінің бетін терезе әйнегінің сынығы жаралап, оған «жедел жәрдем» шақырған.
Полицейлер мүрденің жанынан тағы бір жарылыс құрылғысын тауыпты. Тірі қалған және ешқандай жарақат алмаған пәтер жалдаушы жігітті полицейлер алып кетті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ