Қаңтардың аяғында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро департаментінің қызметкерлері Атырау қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары мен сол қызметтің бөлімше бастығын пара алу кезінде ұстаған еді. Екі полиция офицеріне қатысты ҚР ҚК 366-бабы 3-тармағының 1, 2-тармақшасы (қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Олар 2018 жылғы желтоқсанда жалпы қамқорлықтарына алғаны үшін бағыныштыларынан бұрын есептелген сыйақы төлемдерінен екі миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктеліп отыр, - деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман БЕРДАЛИН.
Түсінікті тілмен айтсақ, 38 жастағы Д.Думашев пен 31 жастағы Р.Балтаев бағынышты полицейлерден тексеру кезінде «көмектесемін» деп сыйақыларын алып отырған.
Бұл туралы «АЖ» үшін Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВ түсінік берді:
- Өз қатарымызды жемқор полицейлерден тазарту үшін жұмыс жасаймыз. Мұндай адамдар біздің бүкіл жұмысымызға көлеңке түсіреді. Осындай шара кезінде Ұлттық бюро қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасаймыз, бұл алдағы уақытта да жалғасын табады.
Фархат ӘБІЛОВ