Жуырда Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитеті Атырау облыстық қан орталығымен бірлесе отырып «Өмірге үміт сыйла!» атты республикалық қан доноры акциясын өткізді.
ҚКХП Атырау облыстық комитетінің офис менеджері Мадина МАМБЕТАЛИЕВА акцияға қатысқандардың бірі.
- Донор болу - қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға жәрдем берумен тең. Қан тапсырудағы мақсатым да осы, - дейді ол. Акцияға осы шараны ұйымдастырушы - ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ те арнайы келіп, қан тапсырды. Оның пікірінше, донор ретінде қан тапсырып отыру адамның өз денсаулығына да өте пайдалы.
Ал облыстық қан орталығының меңгерушісі, терапевт дәрігер Мубин ДҮЙСАЛИЕВ акцияның маңыздылығына тоқталып, оны ұйымдастырудағы басты мақсат – донорлар санын көбейту екендігін атап өтті.
- Бұл акцияның маңыздылығы өте зор. Себебі жер бетінде қаншама адам өмірлік қажеттіліктеріне байланысты қан тапшылығынан зардап шегіп отыр. Оның ішінде жас балалар да бар. Оларға осындай шаралардың көмегі орасан. Жер бетіндегі әрбір адам бүкіл ғұмыры бойында кемінде бір рет қан құюды қажет етеді. Сонымен қоса, осы қан құю шарасынсыз өмір сүре алмайтындар да бар. Қан сағат сайын, күнде қажет. Сонда да әр кезде қан тапсырып отырушы донорлар жетіспейді. Бүгінгі акцияның мақсаты донор санын көбейту, - деді М.Дүйсалиев.- Бүгінде донор қанына қажеттілік біздің облыста да жоғары. Қан құю арқылы ғана өмірді сақтап қалуға болатын ауру түрі өте көп. Бұған гемофилия, қан аздығы, бауыр, қатерлі ісік пен күйік алу т.б. дерттерді қосуға болады.
Акция барысында партияның мүшелерімен бірге жас комсомолдар және қала тұрғындарынан құралған барлығы 15-ке жуық донор қан тапсырды.
Айнұр САПАРОВА