Қашаған кен орнын жасақтаушы НКОК компаниясы және НКПОК компания-агенті әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы хабарлады.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, 2012 жылдың 1 қыркүйегінде компания әлеуметтік маңызы бар жобалар мен инфрақұрылымдарды жүзеге асыру аясында Маңғыстау облысына Ақтау қаласының балаларына арналған мектеп-интернатты берді. Жобада мектеп құрылысы мен мектеп маңындағы аумақты абаттандыру қарастырылған еді. Қашағанды игерудің бірінші кезеңін жүзеге асыруға жауапты НКОК және «Аджип ККО» компания-агенті 2012 жылдың 28 тамызында демеушілік көмек және қайырымдылық бағдарламасы аясында Маңғыстау, Атырау облыстарының Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне шипажайда демалу жолдамаларын тапсырды. Атыраулық ардагерлер үшін «Атырау» және «Қазақстан геологы» шипажайларына 59 жолдама бөлінді.
Баспасөз қызметінің ақпараттарына сәйкес, жыл сайын демеушілік көмек және қайырымдылық бағдарламаларының жобаларына бір жобаға шаққанда $30 мың лимитпен бірге $1,5 млн (221 млн теңге) шамасында бөлінеді. Бұл қаржы Атырау және Маңғыстау облыстары арасында тең үлестіріледі.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА