Атырау, 27 желтоқсан 01:03
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

«Терісайрық» заставасын өз еркімен тастап кеткен 11 шекарашыға қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ

5 949 просмотра

«Терісайрық» шекара заставасын өз еріктерімен тастап кеткен 11 шекарашыға қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ.

Бұл туралы бүгін журналистермен өткен брифингте ҚР Бас әскери прокуратурасы 4-ші басқармасының аға прокуроры Жеңіс Темеков мәлім етті.

«Терісайрық» шекара заставасын өз еркімен тастап кеткен 11 шекарашыға қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы қабылданды. Олар қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып танылды. Сондықтан да, осы қылмыстық іс барысында олар жәбірленушілер ретінде қаралатын болады», - дейді Жеңіс Темеков.

Оның айтуынша, шекараны өз еріктерімен тастап кеткен 11 шекарашының әрекеттері қарастырылатын қылмыстық баптағы сілтемеге сәйкес, ондай тұлғаларға айыпты жеңілдететін жағдайлар қамтылған.  «Бұл тұлғалар өздерінің басшылары тарапынан биліктері мен қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланудың салдарынан шекара заставасын тастап кетті делініп отыр. Сондықтан да, 11 шекарашыға қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды», - деді Ж. Темеков.

Еске сала кетсек, 31 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2017 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша әскери қызметшілері аға сержант Ж. Қаженовты, кіші сержант Е.Тұрдығұловты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1 бабы 2 бөлігі «а» тармағымен, «Терісайрық» шекара заставасының бастығы аға лейтенант А.Хамитовты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-1 бабы 2 бөлігі «в» тармағымен қылмыс жасағаны бойынша айыптау туралы қылмыстық іс қозғап, оны Өскемен гарнизонының әскери сотына жолданған болатын. Қылмыстары мойындалса, аталған тұлғаларға 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы берілуі мүмкін.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

4 қыркүйек 2012, 17:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.