Белгілі бір адамдардың тапсырысы бойынша Б. Рысқалиевтың беделін түсіру мақсатында ұйымдастырылған науқан басталған кезде, бес жыл бұрын әпкем Гүлсім «Ақ Жайық» газетінің редакциясына хат жолдап («Менің інім Бергей»), онда ағам Бергей Рысқалиевтың көпшілікке беймәлім өмірбаянынан сыр шертіп, оның билікке келгенге дейін табысты бизнесмен болғанын, өз ісін ашып, зауыттар мен кәсіпорындар салғанын, мыңдаған адамға жұмыс бергенін әңгімелеген еді.
Енді бірнеше жыл өткен соң ағамды сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасады деп айыптап, сырттай соттауды ұйғарыпты. Қазақстандағы сот жүйесі «тәуелсіз» деп есептелетіндіктен билік мені сотқа қысым көрсеткісі келеді деп ойламасын (кез келген пікір, мақала, пост және т.б. үшін түрмеге түсу мүмкін екендігін білеміз) және ағасын қорғаштаған қарындастың сөзін қысым деп қабылдамас. Тек фактілерді ғана баяндаймын.
Бүгінде Бергей Рысқалиевтың қандай әкім болғанын тағы да еске салғым келеді. Оның есімін, жасаған еңбектерін, қандай басқарушы болғанын неліктен сондай ыждағаттылықпен өшіріп тастағысы келеді? Неліктен оның халық алдындағы еңбегін аяққа таптауға тырысады? Оның еңбекқорлығы, адал ниеті және халық игілігі үшін қолданған заманауи басқару әдістері тұрғысынан тәуелсіз Қазақстанның қай әкімі онымен теңесе алады?
Ештеңе жасамайтын адам ғана қателеспейді
Қарындасы болған соң ағасын қорғайды ғой деген уәждің туындары сөзсіз. Мен сіздерге облысымыздың қалай көркейгеніне куә болған қарапайым азамат ретінде үн қосып отырмын.
Базбіреулер әкімді немесе шенеуніктерді мақтаудың қажеті қанша, бұл олардың жұмысы ғой дейді. Міне, мәселе осында. Өңірді гүлдендіру үшін бұл жұмысты қалай ұйымдастыра білу керек?
Иә, ол бәрін өз ақшасына жасаған жоқ, бәрі бюджет қаражатының есебінен салынды. Қаржыны қалай табу керектігін, кәсіби мамандар тобын қалай біріктіруді, жұмысты қалай ұйымдастырып, қалай жолға қою керектігін түсініп, ұғынатындар аз. Әкім бүкіл жобалар мен халық алдындағы міндеттемелердің уақытында орындалуын, сапалы әрі адал салынуын - бәрін бақылауда ұстауға міндетті. Оған қоса жобалардың қаржыландырылуын үкімет алдында қорғай білуі керек.
Саясатпен айналыспаймын, бірақ оның бес жыл ішінде Атырау облысының бюджетін үш есеге көбейткенін ұмытқан жоқпын. Ал сол кезде 2007 жылы әлемде дағдарыс басталып, жер жүзінің одан 2010 жылдың аяғына дейін ес жия алмағаны естеріңізде шығар. Ол кезде энергия ресурстарының, мұнай мен газдың, металдардың және т.б. бағалары құлдырап кетті. Бұл көп еңбекті қажет ететін жұмыс, үлкен жауапкершілік, аймақты басқару - оңай шаруа емес.
Мұндай статистикалық мәліметтерге күмәнмен қарайтын болсам да, ағам басшылық еткен 6 жыл ішінде облысымыз Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша 4 жыл 1-орында және 2 жыл екінші орында болғанын атап өткім келеді.
Атырау қаласы 2014 жылы Қазақстандағы ең үздік әрі өмір сүруге ең қолайлы қала деп текке таңдалмаған шығар. Сол кезде бұл Бергейдің еңбегі ғой дескен еді.
Саяси ойындар, билік дәлізіндегі шытырман шиеленістер... Ағам қуғынға ұшыраған кезде, жалындап тұрған басқарушыны оп-оңай-ақ бос сандалып, бюджетті жымқырған жемқор қыла қойды.
Ағамның бизнестен билікке табысты әрі ауқатты адам болып келгенін айтуға бәрі қорқады. Қазір Рысқалиевтың қандай мықты іскер болғанын, оның тұсында қаншама нысандар салынғанын еш жерде ресми түрде айтуға болмайды, жасырын тыйым салынған. Мыңдаған жобалардың, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың дер кезінде пайдалануға берілгені есімізде, қазір халық осылардың игілігін көруде. Өйткені, сол жылдары бүкіл Атырау облысының ірі құрылыс алаңына айналғаны, жұмыстардың қызып, облыс орталығының көркейгені барша жанның есінде. Ол әкім болған тұста салынған нысандардың толық тізімін айта кетейін.
Осындай жұмыс режимі мен жұмыс ауқымы кезінде әлдебір қателіктер мен жаңылысулар болған шығар. Бірақ олардың қылмыстық санатта еместігіне нық сенімдімін. Ештеңе жасамайтын адам ғана қателеспейді ғой!
Ықшамаудандар «саңырауқұлақтай» қаптады
Бүгінгі таңда шамамен 70 мыңдай адам өмір сүріп жатқан әлеуметтік арзан және басқа да тұрғын үйлер салынған Нұрсая, Алмагүл ықшамауданының бір бөлігі және басқа да шағын ықшамаудандар ол әкімдік еткен тұста бой көтерді. Қала тұрғындарының саны үштен бір есеге көбейді.
Қазір Рысқалиевтың тұсында көптеген жобалардың құны тым қымбат және әсіре көтеріңкі болды, бәрі қалай-солай, сапасыз салынған, бәрі құлап жатыр, талапайға түсті деп айтылып жүр. Ең болмаса жұмыс істемей тұрған бір нысанды, құрығанда, бос тұрған бір пәтерді көрсетіңізші. Ал ондай жоқ.
Мектептердің, емханалар мен балабақшалардың бұл жобалары - Қазақстан бойынша үкімет ұсынған типтік жобалар, бағасы барлық жерде бірдей. Осындай ғимараттар Астанада да, Алматыда да немесе Ақтау қалаларында да салынды. Жай ғана олардың құнын салыстырып, айырмашылықтың бар-жоғына көз жеткізуге болады.
Шетелдік және ұлттық компаниялардың есебінен салынған және салынып жатқан осыған ұқсас жобалардың құны бірнеше есе қымбат. Мысалы, Авангард ықшамауданындағы №3 мектепке шетелдік компания 950 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізді, алайда мұндай сомаға облыстық бюджет осындай екі мектеп салған еді.
Облыс бюджетіндегі барлық ірі нысандардың жобалау-сметалық құжаттама қорытындыларын республикалық мемсараптама органы бекіткен. Ал шағын жобалар олардың мақұлдауынан өтеді. Көріп отырғаныңыздай, жобалардың барлығы жоғарғы сатыдағы органдармен келісілген және әкімдік тарапынан ешқандай өз бетінше әрекет болмаған.
Алмагүл ықшамауданы сапасыз жасалған жұмыстардың мысалы ретінде жиі аталады. Алмагүл ықшамауданының 80 пайызы Бергейге дейін бой көтерген. Бұл үйлерді элиталық үйлермен салыстыруға болмайды. Алмагүл - әлеуметтік, қолжетімді баспана. Оны мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша және үкімет белгілеген баға бойынша – бір шаршы метрін 56,515 теңгеге (360 АҚШ доллары) салған. Пәтердің бәрінде адамдар тұрып жатыр. Басқа облыстарға қарағанда Атырау облысында құрылыстың 35-40 пайызға қымбатқа шығатынын атап өткен жөн. Өйткені, біздің облысымызға құрылыс топырағы, қиыршық тасқа дейін бәрі сырттан әкелінеді. Осыған қарамастан әкімдіктің күшімен құрылысшылар сол бағаға келісіп, салып берді.
Мыңдаған бюджет қызметкерлері, аз қамтылған адамдар, апатты үйлерде тұрған және жылдар бойы тұрғын үй бөлімінің табалдырығын тоздырған жандар осы ықшамаудандардан баспана алды.
Иә, жылдар өткен соң кейбір үйлер ажарсыз кейіпке еніп, коммуналдық проблемалар пайда болды, кейбір үйлердің лифтілері жасамайды, т.б. Бірақ бұл Б. Рысқалиевтың емес, ТКШ проблемаларын дер кезінде шеше алмаған және белгіленген уақытта қарапайым ағымдық жөндеу жүргізе алмаған келесі әкімнің кінәсі.
Рысқалиевтың нысандарын естен шығару
Облыс тұрғындары ағамды жылы сөзбен еске алмау үшін Рысқалиевтың тұсында салынған барлық нысандарды (көпірлер, даңғылдар, киноконцерт залы және т.б.) келесі әкім әдейі нашар етіп көрсеткісі келгендей әсерде қаласың.
Аяқталмаған киноконцерт залы мен қалалық моншаның тағдыры не болды? Билікке тек 20%-ын салып бітіру қалған еді, сонда қала тұрғындары 1200 орындық керемет киноконцерт залына және жанында орналасқан үлкен моншаға ие болар еді. Опырылып кетуі мүмкін деген ойдан шығарылған желеумен оларды күреп тастағылары келді, инвесторларға беруге тырысты. Қазір бұл нысандар иесіз қалды, талан-таражға салынып, қирап жатыр. Ағамның орнына келген адам мұның бәрі бюджет ақшасына салынғанын естен шығарған. Бергейге қарсы жұмыс істеймін деп жүріп, мемлекетке және өз халқына осылайша зиян келтірді. Қазіргі биліктің басталған істі аяқтауға ықыласы да, қаржысы да табылады деп үміттенемін.
Бейбарыс (Әлиев - Сатыбалдиев) даңғылын неге айналдырып жібергенін көрдіңіздер ме?
Әрине, ол еліміздің бірінші тұлғалары мен қонақтарын алып өтетін қаланың негізгі көшесі емес. Бірақ атыраулықтар оның қалай салынғанын, қандай қаржы мен күш жұмсалғанын жақсы біледі. Жаңа көпір мен осы даңғыл қаладағы көлік ағымын едәуір жеңілдетті. Ал бұл даңғыл салынғаннан кейін бірде-бір рет жөндеу көрмеді, ағаштарға күтім жасалмаған, кеуіп, қурап жатыр. Мерзімінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуы керек ғой.
Әкім Рысқалиевтың облыстағы аяқтап үлгермеген кейбір жобалары да осылардың кебін киді. Бұл жұмыстардың барлығы алдағы жылда жалғасатын, аяқтау немесе іске қосу ғана қалған жұмыстар болатын. Бірақ олар бұзылып, талапайға түсті. Мұны да қудалауға түскен әкімнің «мойнына іле салды». Міне, сізге дайын қылмыстық істер, міне, сізге сыбайлас жемқорлық.
Өңірді инвесторлар «санасатындай» дәрежеде басқару керек
Рысқалиевты басқа әкімдерден ерекшелейтін тағы бір өзгеше қасиеті – оның қарапайым жандардың тағдырына бей-жай қарамауы, кез келген дау-дамай мен қақтығыстарды шеше білетін қабілеті еді.
Оның шетелдік компаниялармен қандай орасан зор жұмыстар атқарғаны атыраулықтардың есінде. Бергей жергілікті биліктің не екенін ұқтыра білді. Ол үнемі алақан жайып әлеуметтік демеуқаржы мен демеушілік етуді сұрайтын жер ретінде емес, мұнайгаз компаниялары табыс табатын өңірдің қожайыны ретінде әкімдіктің беделін көтерді.
Жұмыс беруші компаниялардың көпшілігі облыс тұрғындарымен санаса бастады.
Рысқалиев әкім лауазымын атқаруға кіріскен кезде ауыр кезеңдер көп болды. Теңіз кенішінде қазақстандық және түрік жұмысшыларының арасында жаппай төбелес орын алған еді. Ол компания басшылығымен тығыз жұмыс істеп, күрделі қақтығысты ірі кәсіпорынның жұмыс процесіне әсер етпейтіндей етіп шеше білді.
2006 жылдың желтоқсанында Қашаған жобасындағы «Болашақ» зауытында жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту талабымен 8000 жұмысшы ереуілге шықты. Әкім құқық қорғау органдары мен бүкіл билік құрылымдарын жұмылдырып, түрлі компаниялардың қызметкерлерімен жеке-жеке кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде дауласқан тараптар ымыраға келді. Бірде-бір ереуілші жұмыстан қуылмады. Әкімдіктің күшімен 28 мың адамның жалақысы жергілікті «ЛАРА» үстеме коэффициентімен және ай сайынғы 26-35 мың теңге үстеме ақымен көбейді. Жергілікті жұмысшылардың тұрмыстық жағдайы толықтай жақсартылды және олардың құқықтары шетелдіктермен теңестірілді.
Ірі жобалардағы құрылыс жұмыстары аяқталса да, жұмыссыздық үнемі әкімдіктің бақылауында болды. Тіпті, жұмысшыны жұмыстан шығарғаннан кейін де шетелдік компаниялар уақытша ұстау өтемақысын төлеуге немесе басқа жұмысқа орналасқанша қызметкерді қайта оқытып шығаруға міндетті болды.
10 миллиардқа екі көпір салуға болады
2010 жылы Бергей Рысқалиев Индер кентінен ұзындығы 700, ені 14 метр болатын (бұл Махамбеттегі жаңа көпірден бір метрге енді) көпір салдырды.
Индер көпірі бір жыл ішінде 4,5 млрд теңгеге салынды (қазір бұл инфляциямен есептесек шамамен 6 млрд теңге).
Өткен жылы қарашаның аяғында Атырау облысының билігі Махамбет ауданының орталығынан салтанатты түрде жаңа көпір ашты. Оның құрылысына 5 жыл уақыт және 10 миллиардтай теңге жұмсалды. Айырмашылық жер мен көктей екенін көріп отырсыздар! Осы 10 миллиард теңгеге екі көпір салуға болар еді. Бұл Рысқалиев командасының басқару тәжірибесінің көрсеткіші емес пе?
Бергейдің облыс тұрғындарының игілігі үшін көп нәрсе жасағанын айта беруге болады. Сондықтан көп уақыт алмай, оның тұсында салынған маңызды нысандардың тізімін ғана атап өтуді жөн көрдім.
Қалай болғанда да, бастысы - қарапайым адамдардың есінде қалатыны сөз емес, оның жасаған ісі мен амал-әрекеттері.
Жұпар Рысқалиева
Б.Рысқалиев Атырау облысының әкімі болған бес жарым жыл ішінде төмендегі нысандар бой көтерді. Егер қисынға сүйенсек, Рысқалиев бюджет қаржыларын жымқырумен айналысқан болса, онда бұл жобалардың барлығы қай қаржыға салынған?
Білім беру
Облыс бойынша 35 мектеп салынды. Тағы 6 мектептің құрылысы аяқталды. Барлығы 5,5 жыл ішінде 41 мектеп салынды.
Бұдан басқа:
- Доссор ауылында Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа арналған 250 орындық жатақхана,
- Индер ауданында 200 орындық балалардың демалыс лагері салынды,
- Миялы ауылындағы мектеп үшін ангар спорт кешені болып қайта жарақталды.
6 жыл ішінде облыстағы 70 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіп, материалдық техникалық базасы нығайтылды. Осы уақыт ішінде 61 балабақша мен мектепке дейінгі білім беру орталығы салынды. Осылайша, мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшамен және мектепке дейінгі мекемелермен қамту 27%-дан 75%-ға дейін артты.
Денсаулық сақтау
Атырау қаласында 500 келушіге арналған емхана, Құлсары қаласында, Миялы, Ганюшкино, Мақат, Махамбет, Аққыстау ауылдарында 250 келушіге арналған емханалар, Құлсары қаласында 75 кереуеттік, Доссор ауылында 40 кереуеттік, Сарытоғай ауылында 100 кереуеттік, Миялы ауылында 30 кереуеттік туберкулез ауруханасы, Атырау қаласында 100 кереуеттік перзентхана, Атырау қаласында облыстық қан орталығы, Атырау қаласында 180 кереуеттік жұқпалы аурулар ауруханасы, Атырау қаласында ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы, Атырау қаласындағы облыстық мүгедектерді оңалту орталығы, Сарайшық ауылындағы жүйке-неврологиялық интернатқа арналған 100 орындық қосымша ғимарат, облыстағы елдімекендерге отбасылық-дәрігерлік 10 амбулатория салынды. Сондай-ақ, Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласының 40 шақты нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 70 нысанының материалдық-техникалық базасы нығайтылды (медициналық жабдықтар: КТ, ЯМРТ және басқа жабдықтар сатып алынды).
Мәдениет
Атырау қаласында 400 орындық облыстық кітапхана, Құлсары қаласында, Мақат, Ганюшкин ауылдарында 400 орындық мәдениет үйлері, Құрылыс ауылында мәдениет үйі, Махамбет ауылында М.Өтемісұлы атындағы музей ғимаратына жалғама салынды, Атырау қаласындағы драма театрының ғимараты, Атырау қаласындағы Кіші өнер академиясының ғимараты қайта жарақталды және т.б.
Спорт
Атырау қаласында Мұз сарайы, Балықшыда, Геолог, Авангард, Привокзальный ықшамаудандарында, Ганюшкино, Индер, Махамбет кенттерінде ДСК, Ақсай ауылдық округінде, Сағыз, Жаңа Қаратон, Есбол ауылдарында шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Атырау қаласында ескекшілерге арналған база және бүкіл облыс бойынша 120-дан астам спорт және 100 балалар алаңы салынды. Сондай-ақ, «Судоремонтник» пен «Мұнайшы» стадиондары қайта жарақталды, Нұрсая ықшамауданында 600 орындық ДСК құрылысы басталды және т.б.
Бұдан басқа, облыстық әділет, облыстық сот, облыстық прокуратура ғимараттары, облыстық ҰҚКД үшін спорт залы, 300-дей бейнекамерамен жарақталған Атырау қалалық жедел басқару орталығы салынды. ІІД ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы толықтай нығайтылды.
Облыс бойынша үлкен заманауи 10 жылыжай мен көкөніс қоймалары салынды.
Сумен қамту
70 елді мекенде жаңа су тазарту құрылғылары салынды. 110 елді мекенге су құбыры тартылды. Өйткені, бұл желілер 80-жылдары салынған, тесілген, тозығы жеткен, қайта жарақтауға келмейтін еді. Осылайша, ауыз сумен қамту 45% -дан 98% -ға дейін артты.
Газбен қамту
Облысқа толықтай газ жүргізілді. Ол кезде, тіпті, аудандарды айтпағанның өзінде, облыс орталығы тұрғындарының жартысы газбен қамтылмаған еді.
6 жыл ішінде Азғыр өңірінен басқа облыс толықтай газбен қамтылды.
Атырау қаласынан бастап 220 мыңнан астам адам тұратын ірі және шағын 115 елді мекенге газ жүргізілді. Осылайша бұл мерзім ішінде көгілдір отынмен қамту 36%-дан 96%-ға дейін артты.
Жылумен қамту
Атырау қаласындағы жылу трассаларының 80%-ына күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта жарақталды. Облыстағы барлық аудан орталықтары мен елді мекендерде 70%-ға жуық жылу трассаларына күрделі жөндеу жүргізілді. Газдандырылған 115 елді мекенде барлық әлеуметтік нысандарға қазандықтар салынып, газ жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, облыстың барлық елді мекендеріндегі тозығы жеткен қазандықтар 100% ауыстырылды.
Инфрақұрылым
Инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Осы қаржыға Атырау қаласының жаңа ықшамаудандарына (Алмагүл, Нұрсая, Геолог және салынып жатқан басқа да көптеген ықшамаудандарға), сондай-ақ, барлық аудан орталықтарына және бүкіл облыста салынған жүздеген әлеуметтік нысандарға су құбыры, кәріз жүйесі, электр желісі, жылу, газ жүйелері, жолдар салынды.
Электрмен қамту
Көшеге жарық жүргізу жұмыстары орындалды. Тек Атырау қаласы бойынша 300-ден астам көшеге, сонымен қатар, барлық аудан орталықтарына осындай жұмыстар жүргізілді. Бұлардың барлығы үздіксіз жұмыс жасап тұрды.
Облысты электр қуатымен қамту бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстардың арқасында электр берудегі іркілістер толықтай жойылды, облыс толықтай электр қуатымен қамтамасыз етілді.
Жолдар мен көпірлер
Облыста жолдар мен көпірлер салу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. 6 жыл ішінде Жайық өзені арқылы өтетін 5 көпір салынды. Атырау қаласының шегінде ұзындығы 11 шақырым болатын Жайық өзенінің жағалауын абаттандыру және нығайту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды.
Орталық 10 көшесінде ғана тас жолы болған Атырауда 2006-2012 жылдар аралығында бүкіл аулаларды қосқанда 1200-ден астам көшелер мен тұйық көшелер асфальтталды.
Бүкіл аудан орталығында негізгі көшелердің барлығына асфальт төселді. 40 ауылда кірме жолдар мен орталық көшелер салынды, жергілікті маңыздағы жолдарды асфальттау бойынша басқа да көптеген жұмыстар жасалды.
Осылайша Атырау қаласында жолдардың 85%-ы және облыста - 40%-ы қалпына келтірілді.
Баспана
Атырауда бұрын-соңды мұндай мөлшерде баспана салынбады. Қалада тек бюджет есебінен 6 жыл ішінде 15 000 пәтер салынып, мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, аз қамтылған, жас отбасылар, соғыс ардагерлері және азаматтардың басқа санаттары пәтер алды. Мұндай көрсеткіштер тек Астана мен Алматыда болды. Тозығы жеткен, апатты үйлердің 70%-ы күрелді, осы үйлердің тұрғындары жаңа пәтерлерге қоныстанды.
Сарықамыс, Қаратон (ТШО есебінен), Қошқар, Комсомол, Бекбике сияқты тозығы жеткен ауылдар көшірілді. Ескене мен Байшонас мұнайлы кенттерінің тұрғындарын көшіру үшін «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» компаниясынан қаржы бөлінуіне қол жеткізді.