Оның мемлекеттік қызметке дейінгі өмірбаяны барша жұртқа, таныстары мен жақын достарына дейін мәлім. Өкінішке орай, қазір кесірі тиер деп, Рысқалиевтерді қорғап, шындықты айтуға қорқатын жағдайға тап болды. Әрине, ешкім ол үшін отбасын, балаларын, жұмысын, кәсібін, күнкөрісін тәуекелге тіге алмайтынын жақсы түсінеміз.
Сондықтан өзіме тете өскен жаныма жақын інімді менен артық ешкім білмес деп осы хатты жаздым.
Қашан да "Сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын" деп мәпелеп, тетелес өскен апасының бірі мен едім. Қазір жазылып жатырған лас әңгімелер жүрегімді жазылмас жараға айналдырып, ауыр тиіп отыр. Бұл мақалалардың бірде-біреуі шындыққа жанаспайды және осыны таратып отырған адамдардың оны мүлде білмей, танымай, кім екендігін ажырата алмай отырып, қалай біреудің сыртынан осылайша шылғи өтірік өсек айтуға болатынын көріп жағаңды ұстайсың.
Өзіміз жайлы айтар болсам, біздер Мақат поселкесінде қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келдік. Ол кезеңде біреудің арты, біреудің алды деген түсінік жоқ, ел қатарлы тұрмыс кештік.
Бергей 1983 жылы Мақат кентіндегі бұрынғы Максим Горький атындағы (қазіргі М.Баймұханов атындағы) орта мектепті өте жақсы аяқтап, Алматыдағы Сәулет-Құрылыс институтына өз еңбегі, ет тірлігімен барып оқуға түсті. Жоғарғы оқудың арасында Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. 1991 жылы институтты жақсы аяқтап, кейін техника ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғады.
Мамандық алғасын, Ақтөбе қаласындағы ең ірі "ЗапКазЭнерго" мекемесіне келіп, жұмысқа орналасты. Бір жылдың ішінде (ол кезде бұл кәсіпорында көбі басқа ұлт өкілдері) еңбексүйгіштігі мен білімінің арқасында жас маманнан шебер, прораб және учаске бастығына дейін көтерілді.
Өздеріңізге белгілі осы жылдары Кеңес үкіметі ыдырап, қайта құру басталып, бүкіл кәсіпорын, мекемелер тарап кетті. Ел тоз-тоз болып босып, екі қолға бір күрек таппай, отбасын асырай алмай қиналған шақтарды ешкім ұмыта қоймаған шығар. Осындай қиындықтарға қарамастан, бар болғаны 25 жастағы жігіт, қабырғасы қатпай жатып, нартәуекелділікпен 1992 жылы өз компаниясын ашып, содан 12 жыл бойы үлкен бизнесте тынбастан еңбек етті.
Біреу білер, біреу білмес, мен оның бизнесі туралы ашып айтқым келеді. Ол халықтан ештеңені жасырған емес, жасыратын да ештеңе жоқ.
Ол басында жеке кәсіпкер ретінде ресми түрде тіркеліп, банктен кредит алып, Ресейдің Тольятти қаласынан автокөлік тасыды және бұл өте табысты бизнес болды. Сол бір кезде аяқтан тұруына инфляцияның күрт өсуі үлкен серпін болып, табысы артып, бір жылда бірнеше жеке компаниялар ашты.
1993 жылдың аяғында өз кәсібін ұлғайта отырып, әлемнің түкпір-түкпірінен (АҚШ, Германия, Белгия) алкоголь өнімдерін жеткізумен айналысты.
1993 жылдан бастап, жан-жақтағы ағайын-туыс, бауырларын отбасыларымен бірге әрқайсысына үй, пәтер, машина сатып әперіп, барлығын Ақтөбе қаласына көшіріп алды.
1994 жылдың аяғынан бастап осы інімнің көмегімен барлық ағайын-туыс әр түрлі бағытта, әркім қолынан келген кәсіптерін ашып, дүкендер, қонақ үйлер, мейрамханалар, көптеген бизнес-сауда орындарын салып, құрылыспен айналысты. Кеңсе ғимараттарын жалға беріп, шағын сыра зауытын ашты. Тағы басқа көптеген кәсіп көздерін, нысандарды іске қостық.
Ісіміз оңға басып, 1995-1996 жылдары бизнесімізді өркендете отырып, спирт және ликер дайындайтын зауыт, одан басқа сол өңірдегі ең үлкен сыра шығаратын зауыт салуды бастадық. Сонымен қатар, құрылыс саласын дамытуымен бірге, мұнай бұрғыларына сервистік қызмет көрсету, күрделі жөндеу, мұнай және мұнай өнімдерін сату және Қазақстанның батыс өңірлеріндегі ірі жер қойнауын игеруші "АқтөбеМұнайГаз", "МаңғыстауМұнайГаз" және басқа да компанияларға мұнай-газ қондырғыларын жеткізіп берумен айналыстық. Осылармен қатар, әр бастаған істі аяқсыз қалдырмай, нарық айналымында тұралап қалған мейрамханалар мен дүкендерді, сауда орталықтарын, баспаханаларды, тағы басқа бизнес нысандарын сатып алып, кәсібімізді өсіріп отырдық.
Қандай дәулетке ие болып, жер жаһанды кезіп, аралап жүрсе де, осы жылдар ішінде, ол өзінің қай жерден келгенін, туған жерін өмірі ұмытқан жоқ. Сонымен қатар, жұмыссыз босып жүрген Атыраудың жүздеген қарапайым жастарын жұмыспен қамтып, кейіннен соның бәріне үй-пәтер алып беріп, өмірге араласып кетуіне, тұрмыстарының түзеліп, аяқтарына тұрып кетуіне тікелей араласып, көмектесті. "Бір адам жаққан шыраққа мың адам жылынады" деген. Қазір олардың әрқайсысы Ақтөбедегі дәулетті отбасылардың бірі атанды.
2003 жылға дейін оның басқаруындағы он шақты үлкен компанияларда 4000-ға жуық адам еңбек етіп, бала-шағасын асырап, ол ашқан кәсіптер республика деңгейі бойынша ірі бизнестердің бірі болып, аты жайылды, елге мәлім болды. Кезінде Бергей інім ашқан бүкіл мекеме, компаниялардың бәрі салық органдарында заң жүзінде тіркелген. Бұл менің ойдан құрастырғаным емес, бұл туралы барлық ақтөбеліктер және мен сияқты онымен бірге жұмыла еңбек етіп, жұмыс жасаған, осының бәрін көзімен көрген бүкіл адамдар жақсы біледі.
Міне, оның тікелей бастамасымен 2003 жылға дейін қандай үлкен бизнестің құрылып, қаншама өз қаракөздеріміз жұмыспен қамтамасыз етілгеніне куә болдыңыз.
Мемлекеттік қызметке келгеннен кейін барлық осы бизнес-кәсібін түгелдей кіші інісі Аманжан бастаған туған-туыстарына заң жолымен басқаруға берген кезде ол бүкіл алкогольге байланысты бизнесті сатып, қалған өзі бастап кеткен барлық саланы дамыту, өсіру туралы ұсыныс жасады. Ал өзіне тиесілі барлық активтерді бірін қалдырмастан, декларацияда жіпке тізіп, жариялады. Бұл мәліметтер барлық ресми биліктің қолында бар.
Міне, осылайша бүкіл әулетіміз, туған-туыстарымыз аянбай, тынбай жүріп, сонау 90-шы жылдардан бастап тірнектеп жинаған ата-анамыздан бастап, балалардың атына рәсімделген бүкіл дүние-мүлкіміз, маңдай тері, табан ақымыз - арестке қойылып, тыйым салынды.
Қазір біреулер тасада отырып алып, "оның мемлекеттік қызметке дейінгі өмірі күмәнді екен, анау екен, мынау екен" деген ақылға сыймайтын өтірік әңгімелерді міз бақпастан, еш нәрседен тайынбастан жазып, жариялап жатыр.
Мен бұл хатты ел-жұрт алданбасын, шындықты білсін деген ниетпен оның бизнесмен ретінде қалай аяққа тұрғанын, неден бастап, неге қол жеткізгенін еш бүкпесіз ашық жазып отырмын.
Ол өзінің басшылық қабілетін, іскерлігін мемлекеттік қызметте жүріп көрсетті. Облысты басқарған 6 жыл ішінде де соны дәлелдеді.
Енді міне, бүкіл облыстағы пәле-жаланың бәріне, тіпті ұйымдасқан қылмысқа дейін оны қатысты етіп шығаруда. Егер осылай болған болса, сонда 12 жыл бизнесте, 9 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, көз алдарында жүргенде, құрамында мыңдаған адамы бар құқық қорғау органдары қайда қарап отырды? Бір сәтте мұның бәрі аяқ астынан қалай пайда бола қалды?
Егер қылмыскер болса, құқық қорғау органдарының картотекасында есепте тұруы керек емес пе? Қандай "группировкада" тұрғаны, қандай қылмыс жасағаны, не істеп, не қойғаны - бәрі тіркеліп тұруы тиісті емес пе?
Ол қайта құру кезінде өзінің маңдай терімен және ауыр еңбекпен құрған бизнесін күресіп жүріп, әрең дегенде қорғап, сақтап қалды. Оның бұл табандылығын сол кезде бірге жұмыс жасағандар және мемлекеттік қызметке төрт құбыласы түгел, ештеңеден тарықпайтын, өз дүние-мүлкі өзіне жетерлік дәулетті жағдайда келгенін кез келген адам айтып бере алады.
Гүлсім РЫСҚАЛИЕВА
(арнайы «АЖ» үшін)