Атырау, 27 желтоқсан 01:07
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Ыстық сусыз 15 күн

3 283 просмотра

Жылу берушілер тұтынушыларды алдағы 3-15 қыркүйек аралығында жылу жүйелерінің толықтай тоқтатылып, осыған байланысты қалада ыстық судың болмайтындығын хабардар етті. «Толық тоқтату» деген не және дайындық қалай жүріп жатыр? «АЖ» сұрақтарына «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Нұрадин ШАМШАТОВ жауап береді.

–  «Толық тоқтату» – бұл ЖЭО-ның су ысытатын қондырғыларын және қондырғыларды, тиекті арматураларды, яғни жыл бойына пайдаланылған ысырмаларды жөндеу үшін магистральды жылу жүйесін ажыратып тастау. Бұл кезеңде жылумен қамту жүйесінің жұмысы тоқтатылып, ыстық су берілмейді. Жөндеу науқаны кезінде тұрба құбырларының кейбір учаскелері қысымда болғандықтан жүргізілу мүмкін болмаған барлық жұмыстар осы кезеңде орындалады. Толықтай тоқтату мерзімі жылу жүйелерінің кестесімен анықталады және қалалық әкімдікпен мақұлданады.

Атап айтқанда, магистралдық жүйелердің учаскелерінде тұрбалардың таттану индикаторлары ауыстырылатын болады. Олар бойынша зертханада тұрбалардың тозу жылдамдығы анықталады. Сондай-ақ, осы жазда диаметрі 530 миллиметр екі тұрба құбырына қосымша орталық автомобиль көпірінің тіреулеріне жүргізілген диаметрі 426 миллиметр болатын жаңа магистралды тұрба құбырын қосуды жоспарлап отырмыз. 

Жөндеу бригадалары екпінді жұмыс жасайтын болады және толықтай тоқтату уақытын азайтуға тырыспақ. Сондықтан ыстық су аталмыш мерзімнен ерте берілуі мүмкін. Магистралды жүйелерді толтыру және жылу қосындарын іске қосу кезекпен - ЖЭО-нан ажырату бойынша жүзеге асырылмақ.

– Содан кейін негізгі шаю жұмыстары жүргізіле ме, сіздер тағы да ыстық сумен қамту жүйесін ажыратып тастайсыздар ма?

– Иә, біз тұрба құбырларының беріктігі мен тығыздығын гидравликалық сынақтан өткізуге міндеттіміз. Оларды 19-20 қыркүйекте өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Жалпы қысқа дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Біз магистралдық және кварталдық жүйелердің 32,7 километріне, жылу изоляциясының 40 километріне күрделі жөндеу жүргізуді, 44 жылу қосынындағы тиекті арматураны,  бақылау-өлшеу аспаптарын және электр жабдықтарын тексеру мен жөндеу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Барлық белгіленген жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталатын болады.

– Қысқа дайындық шараларын алмай отырған ПИК-терді атасаңыз.

– Мүлдем шара алмай отырған ПИК-тер жоқ. Бірақ «Талғатжан», «Мұхамбет», «Азамат-Аман», «Айдын», «Гүл», «Энергетик», «Еламан», «Тату», «Жәнібек», «Асыл-Атырау», «Әділ», «Прогресс», «Авангард», «Жаңаша», «Бекен», «Гранд-Атырау Қазақстан», «Жакишева» ЖК, «Әлішер», «Әли» ПИК-тері және «КС Бытсервис» ЖШС қалыс қалғандар қатарында. Осы ПИК-тер қызмет көрсететін үйлерде жылу маусымы басталғанда жылудың берілуіне қатысты әжептәуір проблемалар туындауы мүмкін. Біз өз айтқанымызда тұрамыз. Жылу тек қысқа дайындық шараларын толықтай атқарған үйлерге берілетін болады.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

29 тамыз 2012, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.