Атырау, 27 желтоқсан 00:50
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Еңбек ардагерлерінің үндеуі

4 998 просмотра

Бұдан бұрын кейбір жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Атырау облысының 4 мәжілісмені мен депутаттық корпусының «Ашық хатына» еңбек ардагерлерінің «Үндеуі» қосылды.

Осы үндеуді жариялай отырып, жай ғана қызықты бірер жайтты атап өтпекпіз. Ресми облыстық басылымдарда бұл хаттар жарияланған жоқ, ал ардагерлер тізімінің көш басында бұл жолы облыстың бұрынғы басшылары: обкомның бірінші хатшысы О. Көшековтің, облыстық атқару комитетінің төрағасы Е. Тасқынбаевтың, обкомның екінші хатшысы Қ. Ризуановтың (облыстық ардагерлер кеңесінің қазіргі төрағасы), облыстық мәслихат хатшысы Х. Табылдиевтың, сондай-ақ, «Атыраубалықтың» бұрынғы бас директоры Қ. Әлиевтің және басқа да танымал әрі беделді ақсақалдардың есімдері жоқ.

«АЖ» редакциясы

 

 

Атырау зиялыларының облыс халқына арнаған үндеуі

Өмір бойы осы жерде өмір сүріп, еңбек еткен, ұрпақ тәрбиелеп, өңірдің дамуына үлес қосқан, зейнеткерлер-елдің аға буыны ретінде облыстың тыныс-тіршілігін үнемі қалт жібермей қадағалап отырмыз.

Соңғы күндері бұқаралық ақпарат беттерінде-интернет сайттарында Атырау облысының бұрыңғы әкімі, осы елдің туған перзенті Бергей Рысқалиевке қатысты шындыққа сай емес, жабылған жалалардың жазылуы бізді қатты толғантты, көңіл күйімізге нұқсан келтіріп, еңсемізді су сепкендей басты.

Осы хатқа қол қойған бәріміз де, еңбек майталмандары, құрыштай еңбектің қара қазанында қайнағандар, өңірді басқару, облысты дамыту ісі қандай еңбек, қажыр-қайрат, маңдай терменен келетінін жақсы білеміз. Өзіміз бастан өткердік. Талай басшыны көрдік. Десек те, Атырау тарихында тау толағай жұмысты қопарып атқарған бірден бір басшы – ол Рысқалиев болды.

Соңғы 5-6 жылдық кезеңде облыста сан алуан жұмыс жүзеге асты. Өңір алдындағы осыған дейін болмаған ірі-ірі экономикалық –әлеуметтік алуан-алуан жобалар іске асырылып, облыстың қай түкпіріне барсаңызда, адамға керектің бәрі жасалып, тарихи еңбекке пара-пар ізгілікті іс жүзеге асқанын бүкіл жұртшылық мойындайды, бағалайды, қазр оны ұстап-тұтынып отыр.

Қазір облыстың қай түкпіріне барсаңыз да сарқыраған таза су, алаулаған көгілдір отын, үзіліссіз жарық, тақтайдай тегіс жол, өңірдің келбетіне көрік берер әсем ғимараттар, мектеп, емхана, аурухана, балабақша, спорт сарайлары, мәдениет үйлері, озық технологиялы байланыс, теледидар, радиотораптар – не керектің бәрі бар.

Әрине, бұл аталғандардың барлығы мемлекеттік саясат, орындалуы тиіс міндеттер. Бірақ тек жоғарыға ғана қарап қоймай, жергілікті жерде осы жұмыстарды ұйымдастыру, оның қаржысын табу қаншама қажыр-қайратты керек етеді десеңізші! Кез келгеннің қолынан келмейді де!

Халықтың әл-ауқатын көтеруде, аз қамтылған отбасылар, жағдайы жоқ жанұялар, олардың балаларын оқытуда, жетім балаларды қамқорлауда, мүгедектерге, басқа да әлсіз топтардың, мұғалімдер мен дәрігерлер, басқа да әлеуметтік сала қызметкерлерінің, жас мамандардың өмір тұрмысын жақсартуда атқарылған еңбектің теңеуі жоқ. Бұны қалай айтпасқа!

Сонымен қатар жер байлығын игеріп жатқан алпауыт шетелдік кәсіпорындарда бұрын жұмыс жасайтындардың он-ақ пайызы жергілікті азаматтар болса, қазір қарапйым жұмысшы, орта буын мамандықтарға өзіміздің қаракөз қыз-жігіттеріміз орналасып, шетелік мамандармен қатар еңбек етуде. Бұған қоса осы отандық жұмысшылардың жалақысы еселеп өсіріп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартып, заңды құқықтарын тәртіпке келтіргені кез келгеннің батылы жетпес батыр қадам еді. Бұрын есігінен сығалатпайтын сырттан келіп, үй өзімідікі дейтіндерге жергілікті халықты сыйлатып, заңды орындата білді. Бұл кез келген мойындайтын анық ақиқат!

Түсінеміз, оңайға түскен жоқ. Бірақ қиыннан қиыстырып, амалын тауып бүкіл артта қалған саланы алға бастырып, жұмысты жүргізе білді.

Шектеулі газет бетінде атқарылған жұмыстың бәрін санамалап тізу мүмкін емес. Бұл жұмыстың бәрі біздің, барлы облыс халқының көз алдында.

Мемлекеттің саясатын сауатты жүргізіп, біраз шаруаны уақытынан бұрын аяқтап, халық мүддесі үшін басын бәйгеге тігіп, нартәуекелге бел байлап, үлкен-үлкен іргелі істерді тындырған білікті басшы, шебер ұйымдастырушы.

Біз облыста осы атқарылған құрыштай қайнар еңбекке риза болғаннан кейін мақтан тұта отырып, кейінгі өсіп келе жатқан жас буын үйренсін, үлгі алсын деген мақсатта жер-жерде айтып жүреміз.

Қазір зейнет жасында болсақ та, облыстың әр қадамына алаңдап отырамыз. Міне, сондықтан да соңғы кезде ғаламтор беттерінде орын алған келеңсіз алып-қашпа әңгімеге жанымыз күйіп, араласып, әділдік орын алғанын қалап отырмыз.

Ал енді осы тұста елдігімізді танытып, үн қосатын, өңірдің тыныс тіршілігіне алаңдайтын облыстағы белсенділер, актив мүшелері, белгілі тұлғалалар, ел азаматтары, аудан халқы, ауылдағы ағайындар қайда? Неге үнсіз отыр? Өмір бойы тұрмыстың тауқыметін тартып, қиыншылық көріп келген ауылдықтар осы атқарылған жұмыстың бәрін көріп отыр емес пе? «Сен тимесен, мен тимен», «Не болса, ол болсын» дейтін салғырттықтан, селқостықтан ұтқанымыз жоқ.

Күні кешеге дейін арамызда мақтаулы, айтулы бір Рысқалиев болғаны рас. Қызметі ауысты екен деп жалт бұрылмағанымыз жөн болар. Жасалған ұлан-ғайыр еңбекті көріп, біліп бағалап білейік.

Сондықтан ағайын, сырттан келіп, елдің арасына іріткі салушыларды, тасада тұрып, тас атушыларды өзіміз бастап тәртіпке шақыруымыз қажет.

Айту керек, сайттарда Б.Рысқалиевке қатысты жарияланған мақалада көрсетілген дәйексіз фактілердің бірде-бірі шындыққа сай емес. Біз облыс тұрғындары жақсы білеміз, бұл азамат көз алдымызда өсті, тұлға болып қалыптасты, саяси аренада, ең бастысы облыс халқы алдына өте беделді, зор сенімге ие. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бүкіл тапсырмаларын екі етпей асыра орындап шықты. Оны Ел Президенті Атырау облысына келген сайын айтып жүр. Кешегі сапарында да бұл басшының атқарған ісін мақтап, оң бағасын берген кезде марқайып, көңіліміз тасып, мерейіміз өсті. «Басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылады. Біраз уақыт демалыс алмаған екен, қазір еңбек демалысын бергелі отырмын» деп басын ашып айтты. Демек, жұмыссыз қалмасы анық. Бұндай кадрлер кемде кем. Ал Елбасы кадр таңдау ісіне өте шеберлікпен, көрегенділікпен қарайды. Біз оған сенеміз, Президент ешқашан сөзін жерге тастаған емес, жұмыс болады десе, яғни болады.

Жасырмаймыз, шынайы патриот ретінде жергілікті тұрғындар үшін жан аямай еңбек еткен, сол арқылы халықтың сүйіспеншілігіне, қолдауына ие болған азаматтың, туған жердің төл перзентінің тағдырына біз алаңдаймыз.

Оның өңірде атқарып кеткен ісін білеміз, көзімізбен көрдік, біз білетін, мойындайтын жалғыз ақиқат осы. Сондықтан да осы өңір үшін терін төгіп, аянбай еңбек сіңірген атпалдай азаматтың абыройын кез келгеннің аузындағы лас сөзбен таптатып қоя алмаймыз және оған жол бермейміз.

«Жас та болса, осы жерге бас бола білген» талапты басшы, талантты басшы, жігерлі жігіт Бергейдей азаматты біз қашанда қос қолдап қуаттаймыз.

Жалған ақпарат таратып, қалың оқырманды адастырған, шындыққа жанаспайтын бұл мәлімдеме өтірік дақпырт. Қалың жұртты бұндай қолдан құрастырылған бос өсек сөзге сенбеңіздер дегіміз келеді. Бұл ел ішінде әртүрлі қауесет, алауыздық туғызу үшін жасалған лас «ойын». Бұндай жалған мәлімет тарату арқылы жеке адамдардың мүддесін, кейбір саяси топтардың сойылын соғып отырғаны жасырын емес.

Бұл жерде оның жеке басына қол сұғушылық, ар намысы мен бас бостандығына зор нұқсан келтірілген. Осы жалған ақпаратқа сүйене отырып, көптеген интернет сайттары осы мәліметті тексермей таратып отыр.

Сондықтан осындай бұрыс, өтірік әңгіме таратқан сайт басшылығы халық алдында кешірім сұрап, жариялаған ақпараттарының негізсіз, шындықеместігін көрсетіп, теріске шығаруы тиіс.

Қазір сауатсыз адам жоқ, бұндай журналистік келеңсіз әрекет үшін заң алдында жауап беретіндігін де қаперден шығармау керек.

 

Облыс ақсақалдары, соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы
қауым өкілдері,

Айбаров Айдын Аққалиұлы
Сабырова Меллят Сабырқызы
Ғабдісәлімова Мәдина Ғабдісәлімқызы
Абдолова Нұржиян Абдолқызы
Бекеш Әйіпқали Шамжанұлы
Мусағалиева Сара Махмудқызы
Кушенов Жаукен
Қилыбаев Мақсот
Лұқпанова Сәуле Лұқпанқызы
Булекбаева Рухия Елеуовна
Аймагамбетов Бахи
Сүлейменов Сүйеу Рахимұлы
Хабиев Тауфих
Кәдіров Тілеген
Бисеналиев Қалиталлы
Ұлғатов Амангелді
Дауылбаев Сүндет
Кизатов Толемис
Губашев Алқам
Нұрсапин Айдолла
Мағазов Қадыржан
Өтеу Әзен
Өтенәлиев Шойынбай
Базарбаев Сансызбай
Жалгасбаев Өтеғұл
Нұғыманов Ғалымжан
Тәжібаев Нұхы
Қажымғалиев Өмірзақ
Нұғыманов Нұрлығайын
Биляшов Харес
Құмарғалиев Орынғали
Ғұмаров Асқар Дүйсенғалиұлы
Мұқанов Сайпол
Жанықұлов Оңғар
Абдрахманов Қамидолла
Дүйсеналиев Сүйеуғали
Қоданов Құлмағанбет
Халенов Сәбит Сүлейменұлы
Әбілғазиев Ислам Тұрсынғалиұлы
Сәрсенбаев Отжағар Еділбайұлы
Аманиязов Серік Аманиязұлы
Юсупов Беркін Есенбайұлы
Берғалиев Сембі
Саменов Нәсіпқали

Дереккөз: otannews

25 тамыз 2012, 14:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.