Қазақстанның тумасы, аса ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, қазір Калифорнияда тұрып жатқан Олег Маскаев Вест-Сакраментоның қалалық кеңесіне сайлану үшін құжаттарын тапсырды.
Сайлау осы жылдың 6 қарашасы күні Батыс Сакраментода өтеді. Онда қазіргі таңда 50 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Бұл туралы «Новости-Казахстан» ақпараттық агенттігі хабарлайды. Қала тұрғындарының көпшілігі бұрынғы Кеңес Одағының азаматтары екен.
Маскаевтың сайлауалды бағдарламасы орыстілді азаматтардың мүддесін қорғауға, олардың құқықтарының кәдімгі америкалықтармен тең жағдайда сақталуына, америкалықтар мен АҚШ-тағы орыстілді диаспора арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, Олег Маскаев Қазақстандағы Жамбылда туған. Бокстағы мансабын бастар алдында спортшы Қарағанды облысының Абай қаласына көшіп келген. Маскаев кәсіби боксқа ауыспас бұрын әуесқой рингте үлкен жетістіктерге жетті. 1999 жылдан бері Олег Маскаев АҚШ-та тұрып жатыр, ал 2006 жылдан бері Ресей азаматы болып табылады.
Дерккөз: 1tv.kz