Атырау, 26 желтоқсан 18:31
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Үстеме ақысы ұшты-күйлі жоғалды

2 432 просмотра

Индер ауданындағы мектептердің ұстаздар ұжымы оқу жылын көңілсіз қарсы алып отыр. Олардың жалақылары осыдан үш жыл бұрын өскенімен, оның қызығын көре алмай келеді.

- 2010 жылы мұғалімердің жалақысы 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға өсті. Бірақ әлі күнге дейін бізге айырма ақысын төлеген жоқ. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында беретін болар деп көп үміттенгенбіз. Бұл ақша осылай төленбестен қала ма деп уайымдап жүрміз,- дейді ашынған аудан мұғалімдері.

ҚР Үкіметінің «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесін бекіту» туралы 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1394 қаулысының 14-тармағына сәйкес, «лауазымдық жалақы арттырылған жағдайдағы орташа жалақыны есептеуді арттыру коэффициенті» талабы неге орындалмай қалып отыр?

- Ұжымдағы 110 қызметкер 2010-2011 жылға тиесілі 4 млн 568 мың теңгесін ала алмай жүр. Кейбір шағындау мектептер үнемдеу қаржысы арқылы төлеп жатыр деп естідік, біздің ондай қауқарымыз жоқ. Миллондап қаржыны үнемдеу мүмкін емес, - дейді М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры Майсара КИІКБАЕВА.   

Ұстаздар еңбекақы дауы бойынша аудандық прокуратураға арыз түсірді.

Индер ауданы прокуро-рының орынбасары Есболат ЕДІЛБАЕВТЫҢ айтуынша, ұстаздардың арызына бойынша тексеріс жүріп, салақтыққа жол берген мектеп директорларының үстінен әкімшілік шара қолданып, айыппұл салу жөнінде облыстық әлеуметтік қорғау департаментіне ұсыныс берілген.

Алайда, мектеп директорлары өздерін кінәсіз деп санайды.

- Бұл мәселе қаралған. Мұғалімдерге төлеуге тиесілі ақшаны бермей отырған жоқпыз ғой. Бірақ айыппұлды қалтамыздан төледік,- дейді М.Сиранов орта мектебінің директоры Захи АХМЕТЖАНОВ. 

Аудандық экономика, бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Айгүл ҮМІТҚАЛИЕВА болса, бар кінә мектептің есепшілерінде деп санайды. Олар қажетті қаржыны алдын-ала көрсетіп, ұсыныс беруі қажет екенін біле тұра, өз жұмыстарына салғырт қараған дейді. 

Индер ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ аудан мұғалімдеріне көмектесуге дайын:

- Мұндай қаржыны жергілікті бюджеттен шығару мүмкін емес. Мұғалімдердің айырма ақшасын сұрап, облысқа ұсыныс бердік, ендігі үміт соларда. Осы жылдың қазан айына дейін қаржы түссе төлеп тастаймыз,- деп комментарий берді

- Ұстаздар өткен жылдың еншісінде қалғандықтан бұл қаржы облыстан бөлінбейді ғой деп қорқып отыр.

- Осы жағдай жалғыз біздің ауданда емес, бірнеше ауданда қалыптасқан. Ұстаздар қорықпасын, бұл қаржы қалай еткенде төленетін болады. Мен оған сендіремін.

Ал аты-жөнін атамауды жөн көрген мұғалімдердің бірі мектеп әкімшілігі 2010-2011 жылға арналған бос ведомостьті барлық мұғалімдерге айырма ақысы кейін беріледі деп қол қойдыртып алғандығын хабарлады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 тамыз 2012, 22:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.