Белгісіз себептермен өлген голштин-фриз асылтұқымды сиырларын зерттеу үшін Венгрия мен Ресейден арнайы мамандар шақыртылған; билік Сартоғайдағы алма бақтарын жаңғыртуға үлкен көңіл бөліп отыр - осы және өзге де жаңалықтармен брифингте Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали АХМЕТОВ бөлісті.
Биыл ауданның ауылшаруашылығы саласына 611 млн. теңге инвестиция тартылып, осы саламен шұғылданатын шаруа қожалықтарының саны 214-ке жеткен. «Облыстағы дәнді-дақылдардың көпшілігі біздің ауданнан шығады»,- деп атап өтті Ахметов.
«АЖ» сұрақтары:
- Қазан айында Махамбет ауданындағы шаруақожалықтарының бірінде голштин-фриз тұқымды 178 сиыр арам өлген болатын. Себептері анықталды ма?
- Белгісіз бір аурудан өлген асыл тұқымды сиырларды зерттеу үшін облыстан ветеринарлар шақыртылып, тіпті көрші Ресейден, Венгриядан мамандар келіп қараған болатын. Зерттеудің алғашқы сатысында-ақ белгісіз аурудың адамдарға ешқандай қауіпі жоқ екені анықталды. Сол себепті ет пен сүтті тұтынуға шектеу қойылмады. Шөптен уланғаны анықталып отыр.
- Бұрындары Сарайшық, Жалғансай, Сарытоғай елді мекендері алма бағымен танылған болатын. Қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады ма?
- Бұрын бұл бақтар бәріне әйгілі болды. Алайда ұжымшарлар тарағаннан кейін бұл бақтар қараусыз қалып, жеміс өнімдерін өндіру тоқтатылды. Қазіргі кезде біз бұл олқылықты біртіндеп жойып, жеміс-жидек бағын қалпына келтіруді қолға алудамыз. «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС жаңа жобаны қолға алып, 1 га жылыжайға лимон жемісін өсіруді, «Гюнеш» шаруа қожалығы интенсивті әдіспен алма бағын өсіруді бастады.
- Аудандардағы каналдардың жағдайы қалай?
- Ауыл шаруашылы саласын дамытуды су арналарын жөндеуден бастадық. Қазір ауданда жалпы аудан аумағында ұзындығы 488 шақырым 8 канал бар. Бұл каналдар арқылы биыл 10,7 млрд текше метр су беріліп, су пайдаланушы 51 шаруашылыққа облыстық бюджеттен 60 млн теңге субсидия төленді. Тереңөзек каналына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Алға-Егіз, Сары-Өзек каналдарын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтті. Жөндеу жұмыстарына қажетті 1 млрд 231 млн. теңгеге облысқа сұраныс берілді.
- Аудан толық газбен қамтылған ба?
- Аудан халқының 98% немесе 23 елді мекеннің 17-і табиғи газ отынын пайдаланып отыр. Қалған 6 елді мекеннің 3-ін (Көздіқара, Атамбаев, Бала Ораз) газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Есмахан ауылына газ желісін тарту жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.
- Жазда біздің газетімізде аудан орталығындағы Самал ықшамауданының және Береке ауылының жарық, жол, су мәселелері туралы жазылды. Бұл шешімін тапты ма?
- Электр желісінің қуатына байланысты сұрақтар болған. Бүгінгі бұл мәселе шешілді. Қалған мәселелер де өз шешімін табады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор