Әлеуметтік желілерде голштино-фриз тұқымды бірнеше сиырдың жерде құрысып, селкілдеп жатқаны бейнеленген қысқа бейнежазба таралып жатыр. Сол сәт өңірімізде асыл тұқымды мүйізді ірі қараларға індет таралып жатыр деген қауесеттер желдей есіп кетті. Ал «АЖ» Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен мынадай комментарий алды.
«2018 жылдың қыркүйегінде Махамбет ауданындағы шаруа қожалықтарының біріндегі ірі мүйізді қарадан белгісіз аурудың белгілері анықталды. Осыған байланысты сиырдан биологиялық сынама алынып, Астана қаласындағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа және Алматы қаласындағы ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтына жолданды. Мамандардың қорытындысы бойынша, аса қауіпті жұқпалы ауру белгілері анықталмады. Атырау облыстық ветеринарлық зертхананың қорытындысы бойынша зат алмасу процесінің бұзылуы анықталды. Сондықтан мал азықтан бас тартқан.
Бұл қожалықта 1000-нан астам сиыр бар, 178 мал шығын болып, оның 97-сі союға жіберілді. Мамандардың қорытындысы бойынша, олардың еті пайдалануға қауіпсіз.
Жағдайы нашарлаған басқа сиырларға кальций борглюканат ерітіндісі, 40% глюкоза ерітіндісі егілді. Жем-шөп құрамы да өзгертіліп, алдын алу шаралары күшейтілді, бүгінгі күні олардың жағдайы қауіп туғызбайды».
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ