Атырау, 25 қараша 15:33
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Берекенің" берекеті болмай тұр

Сурет Бейнежазба
18 345 просмотра

7 шілдеде Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Береке ауылының тұрғындары көп жылдардан еш шешімі табылмай келе жатқан көптеген ауыл мәселелерін айту үшін БАҚ өкілдерін шақырды. Астананың 20 жылдығын тойлауға байланысты берілген демалыстарын қиып осында әкімдік қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары, неге екені белгісіз, полиция да келді.

Көшеге ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Шенеуніктер мәселені ауыл клубына барып талқылауды ұсынғанмен, тұрғындар алдымен ауылды аралап шығу керектігін айтты. Алғашқы болып көзімізге түскені – жерге құлап жатқан электр желісі бағаналары болды. Сену қиын, алайда желі бойында тоқ бары дыбысынан білініп тұр.  

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Зұлқарнай МҰҚАШТЫҢ мердігерлер мен «Атырау Жарыққа» сілтеген сылтауы  адамдардың наразылығын тудырды.  

- Әкімнің міндеті не? Неге ол көптен құлап жатқан электр желісінің қауіпсіздігін жоғарыға неге айтпайды? Әкімдердің бәріне жауабы дайын. Қанша шыдауға болады?  

2009 жылы Береке ауылына су тазалау қондырғысы (СТҚ) мен ұзындығы 8,2 км болатын су құбыры салынды. Алайда 8 жылда ауылда үйлер көбейіп, қазір СТҚ қуаты сумен толық қамтуға мүлдем жетпейді.

Алмагүл ҚИСМЕТОВА
- Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз және облыс орталығынан төрт шақырым жерде тұрамыз, алайда бізде ешқандай инфрақұрылым жоқ,- дейді Алмагүл ҚИСМЕТОВА. – Қаладан көп алыс тұратын ауылдардың жағдайы бізден жақсы. 
Ерлан ДӘУЛЕТОВ

Ерлан ДӘУЛЕТОВ:

- Біз бір водовоз суды 4-5 мың теңгеге құдыққа құйдыртып отырмыз. Екінші бір мәселе - жол жайы. Кіреберіс асфалтталып, қалған көшелерге жол тартылмаған. Жаңбырлы күндері мүлде жүре алмаймыз. Үшіншіден, ауылда мүлдем қоқыс салатын жәшік жоқ. Амалы жоқ тұрғындар қоқыстарын көліктерімен Атырауға қалаға дейін алып барады немесе көшеге тастайды, өйткені барлығында бірдей көлік жоқ қой.

Қайрат ҚОЙШЫҒАЛИ мен Зұлқарнай МҰҚАШ

- Ауылда жаңа мәдениет үйі мен мектеп салынды, жол құрылысының сметалық құжаттары дайындалып жатыр, су мәселесімен де айналысып жатырмыз,- деді Алмалы ауылдық округының әкімі Қайрат ҚОЙШЫҒАЛИ. – Электр желісі мәселесіне келсек, жаңа желі тартылды, алайда «Атырау Жарық» 7-8 миллион тұратын тағы бір модульді станция салуды сұрап отыр. Бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Тағы бір айтарым, мұнда көптеген үйлердің құжаттары ресімделмеген, ауылда ресми түрде мың жарым адам тіркелген, ал іс жүзінде үш мың кісі тұрады.

...Береке тұрғындары билік өкілдерінің жауаптарына еш қанағаттанбастан тарасты. Енді президентке дейін жазатынын ескертті.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен видеоны түсірген автор


10 шілде 2018, 22:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.