Күрделі жөндеуден өтіп, қалпына келтірілгеннен кейін тұрғындар арасында «Орталық көпір жанындағы БСМП» деп аталып кеткен Атырау облыстық кардиология орталығы өз жұмысын қайта бастады.
Бұл жердегі жұмыстар өткен жылы ғимарат апатты жағдайда деп танылғаннан кейін басталған еді. Ғимарат шөгіп, қабырғаларына сызат түсе бастады. Облыстық бюджеттен 770 млн теңге бөлініп, мердігері «Дан-Строй-База-ЛТД» ЖШС боп белгіленді. Осы жылдың басында қалпына келтіру жұмыстары қызған кезде «АЖ» бұл туралы толығырақ жазған еді.
Міне, осы үлкен жұмыс аяқталды. Салмақ түсетін конструкциялар бойынша ғимарат толық нығайтылып, әр қабат металл сақинаға салынды. Инженерлік желілер толығымен алмастырылды, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді, қасбет жаңартылды. Ағынды-сорғылы желдету және өрт қауіпсіздігінің жаңа жүйелері іске қосылды. Бұдан басқа, аурухананың медициналық газбен жабдықтау (оттегі, вакуум, сығылған ауа және т.б.) жүйесі толық ауыстырылды, жаңа лифт орнатылды. Барлық қосалқы үй-жайлар - асүй, орталық зарарсыздандыру бөлімшесі және т.б. күрделі жөндеуден өтті.
- Атырау облысында алғаш рет ауа тазарту үшін жұмыс принципі ламинарлы ағындарды қолданумен байланысты «таза операциялық бөлме» жобасы іске асырылды. Бұл кардиохирургиялық операция бөлмесі үшін өте маңызды, себебі мұнда тазалық өте қажет, - дейді орталық директоры Марат ҚОНЫСОВ.
Тағы бір жаңалық: биылғы қыркүйек айында бұл жерде қолданыстағы аурухана кешеніне жалғама - жаңа кардиология орталығының құрылысы басталды. Бұл қазіргі ауруханамен өткел арқылы жалғанған және ескі-жаңартылған ғимаратпен толық коммуникациялық және инженерлік байланысы бар 3 қабатты корпус болады. Жаңа ауруханада 50 кереуеттік 2 хирургиялық бөлімше, операциялық блок, жансақтау бөлімшесі және қарқынды терапия, ауру қабылдайтын бөлме және диагностикалық қызметтер үшін қосымша орынжайлар болады деп жоспарланып отыр.
Жаңартылған кардиорталық ашылған күні ол жерге бұрын жүрегіне күрделі операция жасалған екі пациент шақырылды.
Құрманғазы ауданынан Зұлфұхар АЙЫМОВ қазіргі уақытта өз жүрегін тікелей айтқанда иық сөмкесіне салып жүреді. Өйткені, оның сол жақ қарыншасына жасанды қан айналым аппаратын орнатқан, ол түтік арқылы сорғымен қоректенеді, ал сорғы сөмке ішінде орналасқан.
- Мен 20 жыл бойы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім, жүрегім 2009 жылы сыр бере бастады, ал 2014 жылдың наурызында Астанада жүрегіме ота жасалды. Қазір трансплантация жасау үшін донорлық жүрек күтіп жүрмін. Әзірге біздің кардиоорталық дәрігерлерінің бақылауындамын, - дейді З. Айымов. - Бірақ жабыққан емеспін, отбасым бар, І топ мүгедектігіме қарамастан күзетші болып жұмыс істеймін, көлік жүргіземін. Бәріне де үйренеді екенсің.
Ал Мақсот ДӘУЛЕТОВ өткен жылдың тамызында жүрегіне трансплантация жасатқан.
- Төрт жыл бұрын миокардит анықталып, ауруым асқынып кетті, жүрегімнің көлемі өсіп, сол жақ қарыншам жұмыс жасамай қалды. Сол 2014 жылы алғашқы ота жасалып, аппарат орнатып қойды, содан кейін жаңа жүрек салды.
Біздің: «Айырмашылық бар ма немесе басқа өзгеше нәрсе сезінесіз бе?» деген сұрағымызға Мақсот бәрі жақсы екенін, ел қатарлы өмір сүріп жүргенін, бақытты отағасы, ардақты ата екенін айтты.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ