Атырау облыстық кардиология орталығының ғимараты сонау 1951 жылы бастапқыда мұнайшыларға арналған медициналық санитарлық көмек көрсету бөлімі ретінде салынған. Содан соң жалпы қалалық аурухана, кейін атышулы БСМП (жедел медициналық жәрдем беру ауруханасы) болды. «AЖ» тілшілеріне екі жыл бұрын қабырғалары жарылып, шытынай бастаған тарихи-сәулет ескерткішін қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көрсетіп, айтып берді.
Ал кардиологиялық орталықтың медициналық қызметкерлері барлық жабдықтармен бірге уақытша облыстық ауруханаға көшкен. Өткен жылдың күзінде күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жергілікті бюджеттен 770 млн теңге бөлінген. Мердігер - «Дан-Строй-База-ЛТД» ЖШС.
- Іргетасы жабайы табиғи тастан салынған - мұндай іргетастар Атыраудағы көптеген ескі ғимараттарға тән. Бұл жерде кәріздік ағын сулар жүйесі бұзылған, сондықтан топырақ «ағып», ғимарат отыра бастады. Бастапқыда біз топырақ табанын құрғаттық, қиыршықтастар төгіп, гидроизоляция жасадық, арматурамен нығайтып, ескі іргетасқа жан-жағынан бетон құйдық. Енді ғимараттың табаны әлдеқайда берік болды, - дейді жауапты құрылыс басшысы Александр АРАКЧЕЕВ.
Жобалаушылар алдында әлсіз іргетасқа минималды салмақ түскен кезде тірек қабырғалары мен басқа ғимарат элементтерін барынша нығайтатын конструкцияны әзірлейтін қиын міндет тұрды.
- Біз іргетастың табанынан бастап үшінші қабаттың соңғы арқалығына дейін өтетін металл каркас салдық. Ол ғимараттың ішінде негізгі тірек қабырғаларының бойымен өтеді. Сыртта бұл каркас әр қабаттың арқалығын қамтып, арнайы металл жабынмен жабылады. Осылайша әр қабат бүкіл ғимараттың периметрі бойынша металл сақинаға алынады, - деп әңгімелейді Аракчеев.
Бүгінде ішкі жұмыстар 70%-ға орындалды. Жұмысшылар ескі едендерді қайта төсеп, қабырғаларды әрлеп жаңартады. Мұнда жаңа инженерлік коммуникациялар да жүргізіледі.
- Жобада ғимараттың қайта су басуына жол бермеу үшін сыртқы су бұрғышқа, кәріздік және сумен жабдықтау желілеріне ерекше назар аударылады. Бұдан басқа, өрт дабылы жүйесі, бейнебақылау жүйесі орнатылады, ескі лифтінің орнына жаңасы пайда болады. Бұдан басқа, біз көлікпен әкелінген пациенттерді қабылдау бөлмесіне тезірек жеткізу үшін жаңа кіреберіс жасаймыз, - дейді Аракчеев.
Жобалаушылар ғимараттың сыртқы көрінісін сақтап қалуға тырысқан. Емдеу мекемесінің екі қанатын біріктіретін галлерея және балюстрадалар қалады. Колонналар металл тіректермен нығайтылып, төбесіне поликарбонаттан қалқа жасалынады, ол галереяны жауын-шашыннан қорғайды. Ғимарат іші травертинмен әрленеді - бұл мәрмәрге қарағанда сәл жұмсақ тегіс плиталар, сондықтан олар оңай өңделеді және бір-біріне жақсы жымдасады.
Кардиоорталық ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр. 2012 жылдың наурызында әріптес құрбыларымның бірі осы орталықтың операция жасау бөлімінен «Жүрекке жасалған жәрдем» деп аталатын бірегей репортаж жасаған болатын.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН