Ақтөбе қалалық соты 20 жастағы Атырау тұрғынын бес жылға бас бостандығынан айырды. Оны Ақтөбедегі лаңкестік әрекеттерді насихаттады деп айыптаған.
1tv.kz тілшісі хабарлағандай, жас жігіт Атыраудан Ақтөбеге 2009 жылы келіп, өзінің ақтөбелік достарының ұялы телефондарына жиһадқа шақырған бейнероликтер жіберіп отыратын болған. Ол роликтерде Шәміл Басаевтың, Саид Бурятскийдің НАТО мен АҚШ-қа қарсы соғыс ашуға үндеген мәлімдемелері бар. Бірақ жігіт жақында қолға түсті. Тергеу кезінде анықталғандай, 2011 жылы айыпталушы Ауғанстанға барып, халықаралық «Ислам жиһадының одағына» мүше болып келген.
Осы жылдың басында елге оралған соң Түркия арқылы Ауғанстанға тағы бармаққа бекініп, өзімен бірге достарын ертіп кетуді көздейді. Ол осы жылдың 27 қаңтары күні Қырғызстанда Түркияға жол жүру рұқсатын рәсімдеу кезінде қырғыз арнайы қызмет өкілдерінің қолына түседі.
Айта кетейік, Ақтөбе соты оны ҚР ҚК 233-бабы, 1-бөлімі – «Лаңкестікті насихаттау немесе лаңкестік актiсiн жасауға жария түрде шақыру» ісі бойыншы айыпты деп тапты.