Атырау, 25 қараша 14:48
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Сырттай" тіркелген адамдар бар

2 297 просмотра


Атырау облысында емханаларға тіркеу науқаны аяқталды. Бүгінгі таңда медициналық мекемелерді таңдау құқығын 6 592 адам пайдаланды. Бұл туралы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының жергілікті филиалының директоры Байтолла ҒАЗИЗОВ брифингте мәлімдеді.

Бұдан басқа, елімізде өңі түгілі, түсінде де көрмеген адамдарды емханаларға «сырттай» тіркеу фактілері анықталғаннан кейін тіркеу механизмі өзгерді. Мысалы, жақында «Атырау Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали ҚАРШЕГЕНОВ ол жақта еш уақытта тұрмаса да, өзінің Геолог емханасында тіркеуде тұрғанын кездейсоқ білген.  

- Енді тіркелу үшін емханаға өзіңіздің баруыңыз міндетті емес,  оны ХҚКО арқылы жасауға болады. Сонымен қатар, Egov.kz-да Telegram-бот әзірленген, ол арқылы адам өз смартфонының көмегімен санаулы минуттарда тіркеле алады. Балаларды да онлайн арқылы тіркеуге болады, мұнда жүйе ақпараттық жүйелерден сіздің туыстығыңыз туралы деректерді автоматты түрде жүктеп, процессті жеңілдетеді және қосымша құжаттарды талап етпейді, - деді Ғазизов.

«АЖ» сауалдары:

- Тұрғындар МӘМС жүйесі арқылы медициналық қызметтерді қашан ала бастайды?

- 2020 жылдың қаңтар айынан бастап. Сақтандырылушының мәртебесін анықтау үшін жеке бас куәлігін ұсыну жеткілікті.

- Жүкті әйелдер, мүгедектер, күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер және басқа да бірқатар азаматтар қорға жарна аудармайды. Олар үшін кім төлейді?

- Әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтардың 14 санаты МӘМС қорына жарна аударудан босатылды. Олар үшін мемлекет аударады.

- Жұмыс берушінің қорға жарна төлеп жатқанын өздігімізбен қалай білуге болады?

- «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, жұмыс беруші аударылған жарналар туралы мәліметті ай сайын қызметкерлерге ұсынуға міндетті.

- Әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарна төлеуден босатылды, бірақ МӘМС енгізілгеннен кейін ведомстволық госпитальдарда медициналық көмек алуды жалғастырады. Менің білуімше, біздің өңірімізде әскери госпиталь жоқ. Олар қайда емделеді?

- Жилгородокта полиция қызметкерлеріне арналған госпиталь бар, ал Атырау әскерилері көрші Ақтөбеде емделеді.

- Мысалы, төрт баласы бар, ажырасқан, алимент алмайтын, қоғамдық тамақтану нүктелерінде нандығын тауып жүрген әйел МӘМС қорына қалай жарна төлейді?

- 18 жасқа толғанға дейін балалары үшін жарнаны мемлекет аударады. Ал оның өзі екінші деңгейлі банк арқылы ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде жарна аудара алады.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

26 қараша 2018, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.