Атырау, 10 желтоқсан 22:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Қала әкімі тағайындалды

5 070 просмотра

20 тамызда облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атырау қаласының жаңа әкімін - бұрын Б. Рысқалиев облыс әкімі болып тұрған кезде оның орынбасары қызметін атқарған Серік АЙДАРБЕКОВТІ таныстырды.

Айдарбеков Серік Кенғанұлы 1975 жылы дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Э. Маттей атындағы жоғары мектепті (Милан қаласы, Италия) және Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдаған, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1996 жылы Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің инвестициялық саясат департаментінің маманы қызметінен бастаған, әрі қарай «ҚазақОйл» ұлттық компаниясының талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің талдаушысы, премьер-министр кеңсесінің консультанты, «Agip KCO» компаниясының қазақстандық құрамын дамыту жөніндегі менеджері, кеңесші, «КЕР» ЖШС-нің бизнесті дамыту жөніндегі директоры, «ПауэрКомм» ЖШС бас директоры, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» АҚ-ның мұнай-газ активтерін басқару жөніндегі бас сарапшысы, премьер-министрдің кеңесшісі, 2010 жылдың қазанынан бастап соңғы күндерге дейін – облыс әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған.

Б. Ізмұхамбетов қаланың жаңа әкіміне берілген тапсырмалар туралы әңгімеледі. Біріншісі, Балықшы поселкесіндегі жылумен және сумен қамтуды реттеу. Екіншісі, көп қабатты үйлердің жертөлелерін тазарту, құрғату және жертөле желілерін күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыру.

-  Мен сіздерде тіпті қыстың өзінде масалардан арылмайтын үйлер бар екенін естідім, - деді аймақ басшысы.

Үшіншісі, әрбір екінші мектеп мен әрбір үшінші балабақша күрделі жөндеуге мұқтаж.

Төртіншісі, жаңа индустриялық-инновациялық жобаларды енгізу керек. Олар жергілікті бюджетке пайда, жаңа жұмыс орындарын әкеледі және нарықтағы тауарлар ассортиментін кеңейтеді.

- Мен сіздерге бизнесті дамыту ісінде ешкім де кедергі келтірмейді деп уәде беремін, - деді Б. Ізмұхамбетов. – Және кейбір қауесеттерді теріске шығарғым келіп отыр: мен ешқашан өз айналама туыстарымды жинамаймын, маған жұмыс жасайтын, бастамашыл, жұмысқа нәтиже, тәртіп мен тазалық әкелетін жандар керек.

Облыс әкімінің қала активтерімен кездесуіне қаланың бұрынғы  әкімі Асқар КЕРІМОВ те қатысты. Б. Ізмұхамбетовоған да жұмыс табылатынын айтты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 тамыз 2012, 13:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.