10 тамызда мамандандырылған ауданаралық сотта кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша жалған терроризммен айыпталған екі жасөспірімге қатысты үкім шықты.
2012 жылдың 24 сәуірінде Исатай ауданының өртке қарсы қызметіне Аққыстау поселкелік округінің әкімдігінде жарылыс затының қойылғандығы туралы қоңырау түскен болатын.
АІІБ қызметкерлері «Арлан» арнаулы бөлімшесінің саперлері келмей тұрғанда, әкімдік ғимаратынан 47 адамды шығарып, қоршауды ұйымдастырды.
Саперлер бомбаны таппады. Келесі күні Забурын селосынан 1994 жылы және 1995 ж. т., екі жасөспірім ұсталды. Олар «101» нөміріне қоңырау шалғандарын мойындады. ҚР ҚК-нің 242-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен бұзақылық жасаған жастар 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ