Атырау, 26 желтоқсан 12:59
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қала "жедел жәрдемге" тапшы

2 070 просмотра

Құлсары қаласының тұрғындары жергілікті жедел медициналық жәрдем қызметіне көңілдері толмай отыр. Науқастардың көбі «жедел жәрдем» көлігі келіп болмаған соң ауруханаға өздері такси жалдап баруға мәжбүр.

- Осы ықшам ауданға тиесілі аурухана ғимараты кеңестік дәуірден кейін жекеменшікке сатылып кетті. Ал біз қаладан қашықтау жердегі Вокзал ықшам ауданында тұрамыз. Учаскелік дәрігерге барып келу жас балалы аналар мен қарттарға қиынға соғады. Аяқ астынан сырқаттанғанда жедел жәрдем келіп болмайды. Амал жоқ, көлік іздеп босып жүргеніміз, - дейді Құлсары тұрғыны Ангелина БЕСПАЛОВА.

Қала халқының мазасыз-дануының негізсіз емес екенін медицина қызметкерлері жоққа шығармады. Өйткені 54 мың қала халқына бір ғана «жедел жәрдем» бригадасы қызмет етуде.

- Биылғы жылға дейін «жедел жәрдем» бөлімшесі аудандық ауруханаға қарап келген. Қаңтардан бастап бұл бөлімше басы бүтін бізге берілді. Негізінде бір «жедел жәрдем» бригадасы 10 мың халыққа қызмет етуі тиіс. Демек, бізге қала халқының санына қарай 5 бригада қажет болып тұр. Ең болмаса, 2 бригада толыққанды жұмыс жасаса, біз қиындықтан шығып кетер едік, - дейді Құлсары қалалық емханананың бас дәрігері Асылхан КУЛЧИКОВА. Сондай-ақ, бас дәрігер мамандар болғанымен көліктердің жетіспеуінен бригада жасақтау оңай тиіп жатпағандығын түсіндірді.

Бөлімшедегі «жедел жәрдем» машиналарының әбден тозығы жеткен, «өкпесін» сүйретіп жүргендер бар. 2003 жылғы және 2007 жылғы көліктердің жүргенінен тұрғаны көп. Ал «03» нөміріне түсіп жатқан шақырту басым, жалғыз бригада болса бәріне бірдей үлгермей жатқаны анық. Ал екінші мұнайлы мекендегі бұл проблеманы жергілікті емхананың шеше алмасы белгілі.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 тамыз 2012, 00:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.