Қала маңындағы Талғайраң ауылының жанында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын 80 пәтерлік 60 үйді салу жұмыстары басталды. Бұл туралы брифингте Атырау қаласының жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан ХАЛМУРЗИН хабарлады.
- Биылғы жыл басынан бері бізге осы бағдарламаға қатысуға 170-тен астам өтінім келіп түсті. Әзірге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 61 өтінімді мақұлдады, қалғандарының төлем қабілеті тексерілуде, - дейді Н. Халмурзин. – Атырауда жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімдерін алу кезегіне 80 мыңнан астам адам тіркелген, бірақ қалада мұндай көлемде бос телімдер жоқ және «Нұрлы жер» секілді мемлекеттік бағдарламаның осы проблеманы шешуге мүмкіндігі бар.
«АЖ» сауалдары:
- Қазір көптеген аула аумақтары дүкен, кеңсе, жеке емханалар сияқты ғимараттар салуға берілген. Балалар ойын алаңдарынан, көлік иелері – көлік қоятын жерден, тұрғындар – жайлылықтан ада болды. Таяуда газетімізде осы тақырыпқа қатысты үлкен резонанс тудырған жарияланым жарық көрді. Сондай-ақ, жақында қала тұрғындары Досмұхамбетов (бұрынғы Тельман) көшесіне қатысты редакцияға хабарласқан еді. Ол жерде Қазақ-түрік лицейінің жанындағы ауланың басым бөлігі белгісіз объектіні салуға беріліпті. Ал жақын жерде оқу орталығы жұмыс жасап тұр. Түскі және кешкі уақытта аулаға кіріп-шығу мүмкін емес, өйткені ата-аналар балаларын алып кетуге келеді. Ол жерде балалар алаңының жоқ екенін айта кетейін. Бұл екі мысал ғана. Қалалық билік осындай жағдайларды түзетуге немесе ең болмаса болашақта мұндайға жол бермеуге жұмыстана ма?
- Қазіргі кезде құрылыс салуға берілген аулаішілік телімдерге қала құрылысының нормаларына сәйкестігі тұрғысында талдау жүргізіліп жатыр. Сәйкес болмаған жағдайда олар мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл құрылыстардың барлығын сәулет және қала құрылысы бөлімі реттейді. Біздің бұған қатысымыз жоқ.
- Бірақ бұл проблеманың үнемі бақылауда болуына үлес қоса аласыздар ғой?
- Сіздер қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтініш жасай аласыздар...
- Менің жоғарыда айтқанымды көптеген қала тұрғындары атынан жасалған өтініш деп есептеуге бола ма?
- Өтінішіңіз қабылданды, осы проблемамен жұмыс жасайтын боламыз, – деп оптимизммен жауап берді Халмурзин.
Анастасия Алюшина
Суретті түсірген автор