Атырау, 25 қараша 16:50
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Құрылыс жүргізуге құқы жоқ»

Сурет Бейнежазба
2 861 просмотра


Атырау қаласындағы Канцев көшесіндегі №3 үй тұрғындары аулаға жиналып, ескі балалар ойын алаңының орнына белгісіз біреудің бизнес үшін 3 қабатты ғимарат салғалы жатқанына қарсылық білдірді. Олардың құрылыс нысаны иесімен болған қызу талқылауларын «АЖ» тілшісі көріп қайтты. 

Тұрғындардың айтуынша, тамыз айында олар Атырау қаласы әкіміне аула ішіндегі бос жерге балалар ойын алаңын салып берсе деген ұсыныс хат жолдаған. Әкімдіктен келген жауапта алдымен осы мекенжайда ойын алаңын салатын бос жердің бар жоғы зерделеніп, бос орын болған жағдайда сметалық құжат әзірлейтін нысандар тізіміне енгізетінін айтқан. Қазан айында ескі ойын алаңының айналасына біреулер қазық қағып, топырақ төгіп жатқанын көргенде тұрғындар ойын алаңының құрылысы басталды деп қуаныпты. Алайда, кейін белгілі болғандай, бұл жерге басқа мақсатта ғимарат салынғалы жатыр екен. 

Әсел, кәсіпкер: 

- Бұл аумақты мен бірнеше ай бұрын жеке тұлғадан сатып алғанмын. Құжатта бұл жер Канцев,3а деп белгіленген. Жердің мемлекеттік актісі, заңды құжаттары бәрі бар. Екіншіден, мен бұл жерге түнгі клуб емес, отбасылық типтегі балалар орталығын салғалы жатырмын ғой. Оның ішінде тіл курстарын ашып, балалардың сауатын арттырсам деймін. Тіпті менің көлік тұрағыма тұрғындар өз көліктерін қойса да, қарсы болмас едім.  

Алайда, тұрғындар бізге ондай ақылы балалар орталығы емес, тегін балалар ойын алаңы қажет дейді. 

Бибінұр, тұрғын: 

- Менің бес балам бар. Оларды үйде қамап ұстай алмаймын. Өзіміздің аулада ойын алаңы болмаған соң балаларды Момышұлы көшесіндегі 9 қатарлы үйге апарып ойнатуға мәжбүрміз. Бірақ олар да біздің балалардың ойнауына қарсы. 

Гүлнар Жұмағалиева: 

- Бұл үйде менің сіңілім тұрады. Өзім Азаттық,28 үйдің тұрғынымын. Бұл жерге өзіміздің басымыздан өткен жайды айтқым келіп келдім. Өткен жылы біздің үйдің ауласында да осындай құрылыс басталған. Біз бұл жерге не салынады деп сұрағанымызда балабақша болатынын айтқан. Құрылысы аяқталған кезде ол букмекерлік кеңсе болып шықты

Мәселені анықтау үшін осы үй ауласындағы жер телімі кәсіпкерге қандай мақсатқа сатылды деген редакциялық сауалымызға Атырау қалалық сәулет және құрылыс бөлімі берген жауапта Канцев көшесіндегі №3 үй аумағындағы жер 2008 жылы қала әкімдігінің қаулысына сәйкес БАҚ-тардың бірінің редакциясына кеңсе салу үшін берілгені және бірнеше ай бұрын бұл жер телімі жеке тұлғаның атына тіркеліп, аталған мекемеден сатып алынғаны мәлімденген. 

«Құжаттарын зерделеу барысында сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан құрылыс салу рұқсаты алынбағаны анықталды. Алға қарай жеке тұлғаның құрылыс салуға тиісті құжатының болмауына байланысты мемлекетке қайтару үшін комиссияның қарауына ұсыныс берміз»,- делінген жауапта. Сондай-ақ, әкімдік хатында «биыл қала бойынша 200 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру бағдарламасы әзірленуде» деп жазылған. Канцева, 3 тұрғын үйінің ауласы бұл бағдарламаға кірер ме екен? 


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

31 қазан 2018, 09:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.