Атырау, 10 желтоқсан 11:29
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Санда бар, сапада жоқ

3 687 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы 75 керуеттік өкпе аурулары ауруханасының ғимараты сын көтермей тұр. Ал оның құрылысына 1,6 млрд теңге жұмсалған болатын. Бұл аз ақша емес.

Бес жыл бойына салынған аурухана ғимараты ресми түрде 2011 жылдың 17 тамызында пайдаланылуға берілді. Және, бірден-ақ бітпеген жұмыстары мен кемшін тұстары көзге ұрынды. Төбеге жапсырылған гипсокартондар түсіп, пластик есік-терезелер дұрыс жабылмайды, тұтқалар мен орталық кіреберіс баспалдағының кафельдері сынып тұр, кіреберістегі маңдайша тіреуі құлап, қаңылтырлары ұшып кеткен, аурухана ауласындағы асфальт жолдар ойылып қалған. Бұдан басқа да толып жатқан жұмыстар баршылық.

Сапасыз құрылысқа қатысты мердігер мекеме - «Сенім» ЖШС директоры Сайын БАЙЗАҚОВ былай деп комментарий берді:

- Аурухана құрылысындағы олқы тұстар кездесіп отыр. Біз қолымыздан келгенше бәрін ретке келтіретін боламыз.

- Қазынаның қыруар қаржысына салынған құрылыстың сапасыз болуы неліктен? Ғимараттың сыртқы сылақтары түсіп жатыр.

- Сыртқы сылақтың сыры Германияныкі, Ресейдікін сапасыздау деп алмадық. Құрылысшылардың білместігінен сылақ сыры көңілдегідей боялмады. Біз барымызша жұмыс жасадық. Әлі бір жыл кепілдеме мерзіміміз бар. Сондықтан сапасыз тұстарын жөндеп беріп отырамыз.

- Ал бір жылдан кейін не болмақ?

- ...

Ғимараттың ішінде де бітпеген жұмыстар көп. Кислород толтыруға арналған ғимарат құрылысы бітіп тұрғанымен, кислород құбырлары жүргізілмегендіктен іске қосылмай тұр. Аурухана қызметкерлері кислород жастықтарын әр жерден бір толтыруда. Кір кептіруге арналған үй-жайлар да жоқ, кірлер далаға ілінеді. Оператор бөлмесіне душ, әжетхана, қолжуғыш орнатылмаған. Ауруханаға әкелінген аппараттарға рұқсат алынбаған, қоқыс жәшігінің тіреуіші жасалмаған. Аурухананың бас дәрігері Ғалия ҚАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, жаңа нысанды жөндеуге қаржы бөлінбейді. Алайда, С.Байзақов бұл жұмыстарға жауап бермейтінін айтып отыр:

- Бұл жұмыстар сметалық құжатта қарастырылмаған. Кислород ғимараты мен кір кептіру және тағы басқа нысандарды іске қосу үшін қосымша 72 млн теңге қажет. Бұл қаржы қосымша бөлінетін болса біз жасап береміз.

Тағы бір жайт, аурухана қаланың шетінде орналасқан. Оған жету үшін соңғы автобус аялдамасынан түскенде үш шақырымдай жаяу жүруге тура келеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

8 тамыз 2012, 21:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.