Атырау, 26 желтоқсан 07:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Жігіттер, бұл не құпия?

2 607 просмотра

Құлсары қаласындағы Махамбет даңғылы мен И.Тайманов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының үстіне төселген кеспе тастар тағы да үгітіліп жатыр. Оларды төсеу жұмыстары былтыр дәл осы уақытта жүргізілген болатын. Енді биыл сол тастар жаңартылуда.

Қала тұрғындары да жөндеу жұмыстарының үш жылдан бері ыңғайсыздық туғызып отырғандығын жарыса жеткізді: «Жөндеу жұмысы кезінде жолдар бітеледі, жаяу жүруден қалдық. Көлік жолының шетімен жүруге тура келеді. Ал машиналар ағылуда. Балалар үшін уайымдап болдық», - дейді олар.

Наразы болған қала халқы жол жабуға қарсылық білдіріп, шу шығарды. Одан аудандық әкімдік хабардар. Олар бұл іске араласып, жолды ашқан болатын. Дегенмен, мамырдан бері кептелістен көз ашпаған тұрғындар көшені абаттандыру жұмысындағы осы істің сапасыздығын айтып отыр.

- Өткен жылы тастар күнге еріп, астыңғы топырағы бетіне шығып, қирап қалды. Білуімізше, бұл бюджеттің қаржысына жасалып жатқан жұмыстар. Бақылау жоқ па, бұл не шашпашылық? Бұған жауап беретін біреу бар ма? - дейді жергілікті тұрғын Мұхамбет ӘБІШ.

Білуімізше, Құлсары қаласындағы кеспе тастарды төсеу жұмысы бойынша тендерді «Каспийдормостострой» ЖШС ұтып алған болатын. Учаске бастығы Дайрабай ЕЛДЕСБАЕВТЫҢ айтуынша, қазір 4 км жолды жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұған 20 адам тартылған. Мамырда басталған жөндеу жұмысы 14 тамызда аяқталмақ. Ал қанша қаржы жұмсалғанын айта алмайтынын түсіндірді. Елдесбаев бізге ПТО бастығы Нұрболаттың ұялы телефонын берді. Сұрағымызды жауапсыз қалдырған ол серіктестік директоры орынбасарының ұялы телефонын берген болатын.

- Шындығында мен бұл жұмыстың қанша қаржыға жасалғанын білмеймін. Көптеген көше жасалды ғой. Директордан сұрап жауап берейін, кейінірек хабарласыңыз, - деді «Каспийдормостострой» ЖШС директорының орынбасары Зайни МУСТАЖАПОВ.

- Құлсарыдағы жұмыстарға қосымша қаражат қаралған ба?

- Бюджеттен қайта-қайта қаржы бөлінбейді ғой. Құлсарыда 2010-2011 жылдары кеспе тастар төселді. Бірақ қар қалың болғандықтан ол жұмысымыз зая кетті. Кепілдік мерзіміміз бітпегендіктен қайта жөндеу жұмысының қаржысы серіктестік есебінен шығып отыр. Жақын арада жөндеу жұмысы толық бітеді.

Ал Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН бұл жұмыстың бақылауда болатындығына уәде берді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

8 тамыз 2012, 21:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.