Атырау, 29 қараша 14:40
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Израиль премьер-министрінің басы дауға қалды

1 404 просмотра


Израиль премьер-министрі бірнеше қылмыстық іске қатысы бар деп айыпталуда. Қазір тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол аздай, премьердің жұбайына да қарсы тергеу басталып кетті. Ол қазына қаржысына қол салған көрінеді.  Израиль премьер-министріне қарсы төрт бірдей қылмыстық іс қозғалған.

Атап айтқанда Германиядан сүңгуір қайықтарды сатып алу, Израильдің ең ірі интернет-провайдері Безек компаниясы және танымал кәсіпкер, голливудтық продюссер Арнон Мильченның Нетаньяхуға жасаған қымбат сыйлықтарына қатысты даулар. Тергеушілер Мильченнің Израильде ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын анықтап, бұл олардың күдігін туғызған. 

Александр Гамбарян, адвокат:

– Шенеунік, министр немесе үкімет басшысы ақша немесе қымбат сыйлықтар алса, ал осының орнына бір қызмет жасағанына дәлел болмаса да, бұл үлкен күдік туғызатыны анық. Мұндай қылығымен премьер-министр қоғамның оған білдірген сенімін ақтамады.

Түрлі істер бойынша тергеушілер Нетаньяхудан бес мәрте жауап алған. Соңғы рет премьер өз резиденциясында Безек компаниясына қатысты түсініктеме берген болатын. Елдегі ең ірі интернет-провайдер өз порталында үкімет қызметіне оң баға беріп жүргені үшін салық жеңілдіктерін алған деген күдік бар. Мұны сыбайлас жемқорлыққа жатқызуға болмаса да, қоғамның сенімін алдау бабына сай келіп тұр. Бұл үшін түрмеге қамау екіталай. Бірақ осындай әрекеттері үшін Израильдің талай мемлекеттік қайраткері лауазымынан айырылған еді. Оның үстіне премьер-министрдің жұбайына да қарсы қылмыстық іс қозғалған. Сара Нетаньяху мемлекеттік қаржыны ысырап еткен көрінеді.  

Александр Гамбарян, адвокат: 

– Сара Нетаньяхуға жүз мыңдай долларды жымқырған деген айып тағылып отыр. Бұл мемлекеттің премьер-министр резиденциясына бөлген бюджеті. Сонда тұрып, қонақтарды қабылдауға арналған қаражат.

Сара Нетаньяху ісі бойынша келіссөздер жүріп жатыр, айыптаушы жақ пен қорғаушылары келісімге келуге тырысып жүр. Ал премьер-министрдің алған қымбат сыйлықтары туралы іс сот қарауына түсетін болды. Биньямин Нетаньяхудің өзі бар айыпты жоққа шығарып, мұны саяси қарсыластарының қастығы деп атап жүр.

Дереккөз: 24.kz

11 қазан 2018, 10:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.