Біз 15 қазаннан бастап жылу өлшегіш орнатпаған көппәтерлік үй тұрғындары үшін жылу энергиясының ақысы 20 пайызға қымбаттайтындығы туралы хабарлаған болатынбыз («АЖ» №28 12.07.12, «Есептегішсіз еселеп төлейсің»). Алайда Атыраудағы үйлердің тек 7,9 пайызы ғана жылу өлшегіштермен қамтылған.
МҮЛГІГЕН ТЫНЫШТЫҚ...
Біздің аймақта осы қондырғыларды орнатумен айналысатын екі фирма бар. Олар - «ДАСУ» ЖШС өкілдігі және «Алатау-Взлёт» ЖШС. «ДАСУ» ЖШС өкілдігінің директоры Вадим МАХАМБЕТОВТЫҢ айтуынша, тарифтің өсетіндігі туралы жаңалық халықты алаңдата қойған жоқ, шілде айында жылу есептегішін орнатуға бірде-бір тапсырыс түскен жоқ. Шілде айының екінші жартысында табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік департаментінің қызметкерлері ықшам аудан тұрғындарымен үгіттеу жұмыстарын жүргізіп, оның қажеттілігі жөніндегі хабарландыруларды жапсырумен болды.
«Әнуар-Авангард» ПИК төрайымы Людмила ШАРОВАТОВА бүгінгі таңда тарифті өсірмей, терможаңғырту бағдарламасын енгізу керек деп отыр. Өйткені, жылу өлшегіштерді орнату онсыз да осы бағдарлама аясында қарастырылған. Бірақ, ол тек судың кетуін жою, жертөлелерді кептіру, жылу жүйесін жөндеу, үйді жылу материалдарымен қаптау және домофонды есіктерді орнату шаралары жүзеге асырылғаннан кейін қолға алынбақшы.
ҚЫРЫҚ ЖЫЛҒЫ ҮЙЛЕР ДЕ БАР
Үй ескі болған сайын жылуды көп жоғалтады және терможаңғыртуға мұқтаждық артады. «Әнуар-Авангард» ПИК қызмет көрсететін 3-ші ықшам ауданда 5 қабатты 13 үй және 2-ші ықшам ауданда сондай 6 үй бар. Ол үйлердің барлығының салынғандарына 40 жылдан астам уақыт болған. Олардың ішінде тек екеуі ғана – №11 және №40 – үйлер терможаңғыртудан өткізілді, тағы да 4 үйде жалғастырылуда. Людмила Анатольевна жылу өлшегішті орнату қызметі кіретін күрделі жөндеу №11 үйдің тұрғындары үшін 33 млн теңгеге, ал, №40 үйде – 30 млн теңгеге шыққанын әңгімеледі. Бұл жұмыстар мемлекеттің 10 жыл мерзімге берілетін пайызсыз несиесі есебінен орындалды. Тұрғындар несиені пәтер алаңының көлеміне қарай өтейтін болады: 1 бөлмелі пәтерлер – бір айға 1,8 мың теңге, 2 бөлмелі – 2,5 мың, 3 бөлмелі – 3,2 мың теңге. Бұл жағдайда несиені өтеу бойынша жеңілдіктер табысының мөлшеріне қарай 7 жасқа дейінгі балалары бар отбасылары мен зейнеткерлер және мүгедектерге қарастырылған.
- Біз №40 үйге жылу өлшегішті 2011 жылдың 1 қарашасында қосқан болатынбыз және сол айда әдеттегіден екі есе аз төленді, – дейді Л. Шароватова. – Желтоқсан айында да үнемдедік. Ал, қаңтар мен ақпанда қатты аяздың салдарынан үнемдей алмадық. Алайда, наурызда, күн жылынған кезде біз жылу тұрбасының вентилін жауып тастап, тағы да ұтып кеттік. Ал, сәуір айының 5-де жылуды мүлдем тоқтатып тастадық, өйткені күн жазғы маусымдай жылынып кетті. Біз жылуды алудан бас тартатындығымызды мәлімдеп, жылу желілері кәсіпорнының басшылығына хат жолдадық. Бірақ, сәуір айы үшін келген жылу ақысы бәрібір қымбатқа шықты, өйткені, 1 сәуірден бастап жылу тарифтері өскен еді. Ал, тұрғындар болса, мұны түсінбей, есептегішті бекерге қондырдық деп байбалам сала бастады.
ӘДІЛЕТСІЗ ОЙЫН
В. Махамбетовтің айтуынша, «Әнуар-Авангард» ПИК-де «Атырау-Энергосату» ЖШС бекіткен арнаулы формадағы журнал бар, ол журналға күн сайын жылу өлшегіштегі көрсеткіштер жазылады және үй тұтынған жылу көлемінің есептік айлық көрсеткіштері аяқталғаннан кейін тағы да жылу берушілер бекіткен бланкамен «Энергосату» компаниясына жіберіледі. Онда пәтер алаңына сәйкес әрбір тұрғынға есеп жүргізіледі. ПИК қажеттігіне қарай «ДАСУ» ЖШС жылу өлшегіш көрсеткішінің көшірмесін сұрата алады, бұл компанияның Атырау кеңсесіндегі терминал бойынша жасалады.
Жылу өлшегіштер бір-бірінен қызмет көрсететін үйлерінің жүктемесіне қарай ажыратылады. 5 және 9 қабатты үйлер үшін құралдар шамамен бірдей және олар монтажбен қоса есептегенде 553 мың теңге болады және 2 жыл бойына тегін қызмет көрсетіледі. 3-4 қабатты үйлер үшін жылу өлшегіш 300 мың теңгеге шығады. Құралдар әрбір 4 жыл сайын міндетті тексеруден өтеді. Мәселен, 100 пәтерлік №40 үйде бұл үдеріс 112 мың теңге тұрса, онда әрбір пәтер 1 120 теңгеден төлейді.
Жылу өлшегіш үшін арнайы жылу камерасын салу керек. №40 үйде бұл үйдің артында орналасқан жылу тұрбалары жертөлеге кіргізілетін жерде 2х2 метрлік жайға орнатылған. Іс жүзінде «Энергосатудан» оны тікелей жертөлеге орналастыруға рұқсат алуға болады. Ол жағдайда жертөле таза және өлшегіштен көрсеткішті жазып алуға мүмкіндік беретіндей қауіпсіз болуы керек. Ал, біздің қалада ондай жертөлелер көп емес қой?
Л. Шароватова мен В. Махамбетовтың нақты сенімі бойынша, салынғалы бері күтім жасалмаған ескі үйлерде жылу жүйесі де түрлі диаметрлі тұрба кесінділерінен жүргізілген, ондай жағдайда есептегіш құралын орнату тиімсіз және ол үлкен шығындарға соқтыруы мүмкін.
Бұған Атырау тұрғындарының көпшілігі әлі дайын емес және оларды сол үшін тарифті өсірумен таяқтау әділ болмас. Одан да терможаңғыртуды жалғастырған жөн...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ