Өткен жұма күні Жилгородоктағы «Робинзон» жағажайында демалушылар білек күштілігін сынақтан өткізді.
Сайыс ұйымдастырушыларыбапкер Сергей ПЕРЕДИСТЫЙ мен жағажай басқарушысы Юрий ШИННІҢ айтуынша, турнир көлік дөңгелегін домалату, штанганы түрегеп тұрып сығымдап көтеру, гір тасымен жүгіру және т.б. бірнеше кезеңнен тұрады. Екі спортшыдан басқа сайысқа жағажайда демалып жүрген бес жігіт қатысуға бел байлады. Айта кету керек, олар кәсіпқой спортшыларға едәуір бәсекелес бола алды. Көрермендер де олардың батылдығын бағалап, қошеметтерін аямады.
Ал бұлшық еті бұлтылдаған Эдуард ҚАБДЕШЕВ (жоғарыдағы суретте) ең күшті деп танылып, басты сыйлыққа қой алды.
– Мұндай шараларды жағажай маусымының аяғына дейін өткізуді жоспарлап отырмыз, - деп уәде берді Сергей. - Әр жұма сайын жаңа сайыстар, мәселен, әйелдер арасындағы армрестлинг немесе отбасылық эстафеталар өткізілмек.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ