Атырау, 25 қараша 17:44
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Доссор көшіріледі деген қаңқу сөз»

5 583 просмотра


Соңғы жылдары Атырау облысы Мақат ауданына қарасты Доссор кентін облыс орталығына көшіріледі-мыс деген алып-қашпа әңгіме желдей есіп тұр. Әңгіменің шығуына себеп те жоқ емес. Доссор – қазақ мұнайының бесігі, 2009 жылы мұнайдың алғаш өндірілуіне 100 жыл толуы салтанатты аталып өтті. Сол кезде «Қазмұнайгаз» есебінен кент маңындағы Қошқар, Комсомол және Бек-Бике ауылдарын көшіру туралы шешім шықты, өйткені сол жерлердегі ескі мұнай кен орындарында өндіріс бітуге жақындап, шағын ауыл халқы жұмыссыз және инфрақұрылымсыз қалған-ды. Қошқар, Комсомол және Бек-Бике 2010 жылы Атырауға «көшіп», үш жылдан кейін Байшонас пен Ескене де көш басын бері бұрды. Салыстыра қарасақ, әрине, бұлар – шағын ауылдар, ал 13 мың тұрғыны бар Доссормен қалай болады?

«АЖ» тілшісі алдымен жергілікті тұрғындармен сөйлесті.

Мұнай саласының ардагері Дінғали ДӘУЛЕТБАЕВ:

- Бұл Байшонас, Ескене, Комсомол, Қошқарды көшіргеннен кейін шыққан әңгіме еді. Тағы бір жәйт, білуімше ертеректе Қандығаш станциясынан Атырауға дейін екі-үш теміржол пунктін салу жобасы әзірленді. Бұл бойынша кенттегі теміржолға жақын орналасқан үйлер бұзылып, басқа орынға көшіріледі деген болатын. Бірақ бұл жоба күшін жойды, ал көпшіліктің ойында кент түгел көшіреледі екен деген пікір қалыптасты.

Мұрат ЕСМҰХАНОВ, зейнеткер ұстаз:

- Көшетін болса, көркейту жұмыстары тоқтап қалар еді, жолдарымыз жөнделіп біраз істер атқарылып жатыр. Осындай лақаптың кесірінен үйлердің құны күрт өсіп кетті. Бұл бір жағынан үй сатушыладың ойлап тапқаны ма деймін. Көше ме дегенді менен де көп сұрайды. Қайдан шығарып жүргенін. Көпшілік ортада «көшпейміз үйлеріңді салып, шаруаларыңды жасай беріңдер» деп басу айтумен боламын. 

Жұмабай ҚАРАҒАЕВ Мақат ауданы әкімі:

- Кент сол күйінде қалады, көшірілмейді. Кентте су, жарық, газ мәселесі толықтай шешілген. Кенттің 2018-2020 жылдар аралығында даму жоспары әзірленді. Доссор кенті ішінен өтетін республикалық жолды Мақат-Құлсары бағытындағы айналма жол бағытына орналастыру жобасы әзірленіп жатыр. Демеушілердің көмегімен 280 орындық балабақша салынып, 60 пәтерлік үйдің сметасын әзірлеп-қорғау жұмыстары жүргізіліп, аллеялар, балалалар ойын алаңдарын көптеп салу көзделуде. Кентті түгел қамтитын канализациялық құбырын салу жасалу үстінде. Кентішілік жолдар да назардан тыс қалмауда. Түйіндеп айтқанда алда атқарылар жұмыс жетерлік. Бұдан кейін кент іргесін көтереді деген қаңқу сөздің шындыққа жанаспайтынын көруге болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 қазан 2018, 15:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.