Атырау, 29 қараша 15:38
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Болгарияда журналист Виктория Маринованы өлтіріп кетті

1 580 просмотра

Болгариялық журналист Виктория Маринова (Сурет Маринованың Facebook-тегі парақшасынан алынды).
Болгарияның солтүстігіндегі Руса қаласында аймақтық TVN телеарнасының директоры әрі жүргізушісі, 30 жастағы Виктория Маринованы өлтіріп кетті. Бұл туралы қазанның 6-сы күні Болгарияның NOVA TV телеарнасына сілтеме жасаған "Европейская правда" агенттігі хабарлады. Сенбі күні күндіз полицияға жергілікті тұрғын хабарласып, иесіз көлікте өлген адам мен заттарын байқағанын хабарлаған. Криминалистер журналисті басынан ұрып, тұншықтырып өлтіргенін анықтады.

Виктория Маринова соңғы кезде Еуропа Одағының (ЕО) қорынан қаржы жымқыру туралы GPGate деп аталатын дауды зерттеп жүрген. Еуропа Одағы Болгариядағы жүздеген миллион долларға инфрақұрылым нысандарын қаржыландырып, одан консалтингтік фирмалар, оның ішінде GP Group компаниясы қаржы тапқан. Бұл компанияның құжаттарын зерттеуде Еуропа Одағынан қаржының қалай жымқырылатыны белгілі болған. Маринова жүргізген зерттеулер бойынша, қаржы жымқыруға Болгарияның жоғары билігіндегі адамдардың қатысы болуы мүмкін. Іс материалдарында ресейлік "Лукойл" компаниясының Болгариядағы еншілес компаниясының басшысы Валентин Златевтің есімі аталады.

Маринов жұмыс істеген аймақтық TVN арнасы осы жанжал туралы хабарлаған жалғыз телеарна болған. Бұл тақырыппен Болгарияда Bivol журналистік зерттеулер сайты да айналысқан. Румынияда бұл зерттеу туралы RISE сайты хабарлаған.

Тергеу Еуропа Одағының Болгария мен Румынияда ЕО қаржысын жымқыру туралы журналистік зерттеулер жобасы аясында жүргізілген. Зерттеулер нәтижесі ЕО-ның алаяқтық және қаржыны теріс мақсатта пайдаланудың алдын алу жөніндегі басқармасына (OLAF) берілуі керек болған.

ЕО-да бір жылда осымен үшінші рет зерттеу жасайтын журналисті өлтіріп кетіп отыр. Былтыр қазан айында Мальтада журналист Дафна Каруан Галиция, биыл ақпанда Словакияда журналист Ян Куциак кісі қолынан қаза тапқан.

Дереккөз: azattyq.org

8 қазан 2018, 09:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.