Ұлттық банктің Атырау филиалы ұйымдастырған брифингте жаңадан тағайындалған директор Бақыт ҚОҒЫЛОВ күйреген қазақстандық үш банктің салымшыларына үміт беріп, ұлттық валютаның неліктен әлсіреп тұрғанын түсіндірді. Жалғыз «жұбаныш» - басқа көптеген елдерде де жағдай осындай екен.
Оның айтуынша, теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты туындап отыр.
- Біріншіден, бұл АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі мөлшерлемелерінің өсуі салдарынан дамушы елдердің валюталарына қатысты доллардың жалпы күшеюі. Жыл басынан бері Түркияның ұлттық валютасы 62% -ға, Үндістанда 14 пайызға, Қытайда – 6 пайызға дейін әлсіреді. Долларға қатысты валютаның әлсіреуі тек дамушы елдерде ғана емес, сондай-ақ дамыған елдерде, мысалы, Австралияда 8%, Жаңа Зеландияда 6 пайызға, Канадада – 3 пайызға әлсіреді. Екінші фактор - Қазақстанда көрініс тапқан анти-ресейлік санкциялардың қатаңдануы. Жыл басынан бері рубль 14,8% -ға әлсіреді.
Жақында лицензиядан айырылған Qazaq Bank, Эксим банк және Астана Банкіне келер болсақ: Б.Қоғыловтың айтуынша, үш банк те депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар, сондықтан кез келген валютадағы барлық салымдар, төлем карталарындағы ақшалар және банктік шоттар депозиттерге кепілдік беру қорымен қорғалған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА