САРҚҰМАҚ КІТАП ОҚИТЫН БОЛДЫ
Қызылқоға ауданында Мұқыр селосына қарасты Сарқұмақ елді мекенінде 400-ге жуық адам тұрады.
Елеусіз қалған ауыл тұрғындары теледидарды тамашалағанымен түрлі басылымдарды оқи алмайтын. Таяуда Сарқұмақтан кітапхана ашылып, жұмыс жасай бастады. Енді клубтың жайы да қарастырылуда екен.
ЖЫЛЫОЙДЫ ИТТЕР ЖАЙЛАДЫ
Жылыой ауданында 4 айда 550 бұралқы ит атылды.Осы кезге дейін116 жылыойлық үй жануарларының шабуылын бастан кешірген. Итті жөніне жіберген 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.
ҰРЛЫҚПЕН ҰСТАЛДЫ
Жылыой ауданы Теңіз қалашығындағы «ЮСС Супорт Сервисес» ЖШС-нің еден жуушысының ұрлығы ашылып қалды.Ауысымдық жұмысын аяқтаған жасы 30-дан асқан келіншек кір жуғыш заттар мен тағамдарды жымқырып бара жатқан жерінен ұсталды.
АСЫЛЫП ӨЛДІ
Құлсары қаласының 1987 жылғы тұрғыны өз үйінде өзіне қол жұмсап, асылып қалған. Қаза болған жігіттің не себептен өлгендігі белгісіз жағдайда қалып отыр.
СУ БАҒАСЫ ШАРЫҚТАДЫ
Қызылқоға ауданындағы Сағыз селолық округі тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Бір водовоз судың бағасы 1850 теңгеге дейін жетті. Өйткені тасымалдайтын водовоздар тапшы күйде қалған. Бұл тұрғындардың бас қатырып отырған мәселесіне айналып отыр.
ЗАҢДАСТЫРМАЙ БОЛМАЙДЫ
Мақат ауданының әкімдігі қысқа дайындық барысын саралағанда заңдастыруға енжар қараған дербес қазандық орнатып алушыларды сынға алды.Бұл жайға салғырттық танытқан тиісті мамандарға ескерту берілген де болатын. Мақат ауданы және Доссор поселкесінде көпқабатты үйлер саны - 103 болса, оның 98 пайызы дербес қазандыққа көшкен.
ШӨП ЖЫМПИТЫДАН ТАСЫЛУДА
Индербор поселкесі басындағы тұрғындарды мал азығымен қамту мақсатында 215 шақырымдағы Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты ауданынан шөп әкеліп жатыр. 500 кг рулонның бағасы 6 000 теңге, ал қыста бұл 12 мың теңгеге дейін көтерілген болатын. Осы себепті шөп бағасын шарықтатпау үшін поселке әкімдігі мен пішеншілер меморандумға қол қойды. Ал поселке тұрғындарына7 500 тонна шөп қажет еді.
ЖІГЕРЛІ ЖАСТАР БАС ҚОСТЫ
Махамбет селосында «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігі мен облыстық «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастар - Отанға» ақпараттық-мәдени шарасы өтті. Бұған махамбеттіктерден бөлек Исатай, Индер жастары қатысып, бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА