Атырау, 8 қазан 04:01
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Күніне 500 кірпіш

8 813 просмотра

Қызылқоға ауданы Миялы селосында тұратын Нұрсұлтан мен Абылайхан ТІЛЕГЕНОВТЕР - саздан кірпіш жасаудың шеберлері. Олар бұл кәсіппен айналыспай тұрып, ауданда жұмыс іздеп біраз сенделді. Кейін Нұрсұлтанның жігерлігі арқасында екі қолға бір күрек табылды. Қалталарына да аз-мұз ақша түсе бастады.

Жасы 20-ға енді толатын Нұрсұлтан көп есіктің табалдырығын тоздырып жүріп бір жұмыс таба алмады. Не істеу керек? Ауданда үй салушылар көбейген. Жөндеу жұмысын жүргізу үшін біліктілік керектігін жақсы білгенімен, оған тәжірибесі болмады. Қалай еткенде, табыс табу мақсатын алдына қойған балаң жігіт саздан кірпіш құюды ойластырып, қасына бауыры Абылайханды ертті. Селоның шет жағында пайда болған көлшік судың басына құрал-сайманын апарып іске кіріскен болатын.

- Бұл жердің сазы кірпішке қолайлырақ. Сазға қыстан қалған сабан мен суды араластырса мықты болады. Шығын жоқ, тек шымырлық пен шыдамдылық керек. Осы күнде ыссылыққа да көндіктік,- дейді Нұрсұлтан.

Бауырлар маусымнан бері мігірсіз еңбек етті. Келе-келе күніге500 дана кірпіш жасауға дейін барды. Бірі сазды езсе, ал екіншісі оны қалыпқа құюмен болады. Содан соң қатар тізілген піспеген қам сазды кірпіштер күннің ыстығында тез кебеді. Ауылдан да сұраныс көбейді. Бүгінде ракуша тастың бір данасы тасымалымен бірге 120-130 теңге аралығын құрайды. Қызылқоғалық жігіттер саз кірпіштерді 50-60 теңге аралығында сатуда.

- Кейде адамдар жағдайын айтып, бәсін төмен түсіреді. Оған да келісеміз. өйткені ауылда жұмыс табу оңай емес. Кірпіш жасау да маусымдық жұмыс. Қыста да кәсіп табармыз деп отырмыз. Тұрмыс жағдайына байланысты жоғары оқу орнын оқи алмай қалғам, мақсатым мамандық алу, - деді Нұрсұлтан.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

1 тамыз 2012, 21:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.