2 шілдеде үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы аумағындағы аңшылық ережесі жаңа редакцияда бекітілді.
Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке ШАЛХАРОВТЫҢ айтуынша, өзгерістер атап айтқанда, ата үйректерді аулауға қатысты енгізілген. Енді ол тек «ойыншық» үйректер немесе тұлып болған жағдайда ғана жүргізілуге тиісті. Оларсыз аңшылыққа тыйым салынады. Бұдан басқа тұяқты жануарларға (біздің аймақта қабан) аңшылық тек орманшының немесе жануарлар әлемін қорғау жөніндегі инспектордың қатысуымен жүргізілуі тиіс.
Жаңа ережелерге сәйкес, зиянды жыртқыштар тізіміне қасқырлар мен қорқаулардан басқа қарғалар да енгізілген. Аң аулайтын жерде «заңсыз» жүрген бұл құсты ата беруге болады.
Бұрын аңшылық жолдамада көрсетілген шамадан тыс үйректерді ату кең қолданылып келді, ал жоспардан артық түскен олжаның ақысы төленіп, сол арқылы аңшының ісі бітетін. Енді жолдамада көрсетілген лимиттен асыруға болмайды.
Тағы бір жаңалық шетелдік азаматтарға қатысты болды. Бұрын олар жолдаманы жәй ғана сатып ала салатын, енді олар облыстық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясымен типтік келісім-шарт жасауға тиісті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ