Қазақстандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызметкерлерді аттестациядан өткізу жүргізіліп жатыр. Атырау облысында бірінші кезеңде өздерінің біліктілігін әрбір үшінші қызметкер дәлелдеп шыға алмады.
«Атырау облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК филиалы директорының орынбасары Ербол СЕРҒАЗИЕВТІҢ айтуынша, бірінші кезеңде аттестациядан үш қалалық және жеті аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарының төменгі звено қызметкерлері, яғни, азаматтармен тікелей жұмыс жасап отырған мамандар өткен. 64 қызметкердің 41-і ғана сүрінбей өтті.
- Аттестациядан өте алмай қалғандар өз жұмыс орындарын босататын болады, - дейді Е.Серғазиев. – Бұдан басқа таяу арада орталыққа жұмысқа қабылдаудың жаңа ережесі енгізіледі. Үміткерлерге жекелей алғанда, алдын-ала әңгімелесуден және психологиялық тестілеуден өту керек болады. Бұл бірінші кезекте ұсынылатын қызметтің сапасын көтеруге бағытталып отыр.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері аттестациядан үш кезең бойынша өтеді. Қыркүйекте емтиханды орта звено өкілдері тапсырса, жыл аяғына қарай басшылық құрам тапсырмақ.
Тамара СУХОМЛИНОВА