Атырау, 26 желтоқсан 17:52
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Балгерлер бақытқа жеткізе ме?

13 717 просмотра

Қазақстандық экстрасенстердің өздерінің «Они» деп аталатын реалити-шоуы пайда болды. Ресейлік «Битва экстрасенсов» шоуындағыдай біздің сиқыршылар мен дуагерлер де тылсым күштермен байланысып, беймәлім құпияларды шешетін болады. Ал біз жергілікті көріпкелдерге тексеру жүргізуді ұйғардық. Таңдау мемлекеттік лицензиясы бар кәсіпқойларға түсті.

ТАМАРА МЕН МҰХТАР

Редакция дизайнері фотошоп режимімен керемет нәрсе жасап шығарды: еуропалық пейзаж аясында бақытты жұп – атышулы Мұхтар ӘБІЛӘЗОВ пен Тамара СУХОМЛИНОВА пайда болды.

 

«МАХАББАТЫҢ ҮШІН АҚШАҢДЫ АЯМА»

Газеттегі хабарландыруда «100 пайыз бал ашамын, болашақты болжаймын, бүкіл жолды ашамын» деп уәде берген бірінші көріпкелге жол тарттым. Авангардтағы панельді бес қабатты үй пәтерінің табалдырығынан мені елулер шамасындағы әйел адам қарсы алды. Бөлме іші мұсылмандық белгілерге толып тұр. Үстел үстінде Құран, таспиық жатыр, қабырғада Меккенің және араб тілінде жазылған дұғалар ілінген. Сеансқа кіріспес бұрын, бал ашушы шашын ақ орамалмен жауып, күбірлеп дұғасын оқып, содан соң:

- Иә, қандай бұйымтаймен келдің, қызым? - деп сұрады.

Мен бақыттан жүздеріміз бал-бұл жанған Әбіләзов екеуміздің фотосуретімізді алдына қойдым.

- Міне... Үш жыл осы адаммен кездесіп жүрдім. Бәрі жақсы болатын. Ол маған ұсыныс жасады. Тойға дайындала бастаған едік, кенеттен ол жоғалып кетті. Үйінде жоқ, қоңырау да шалмайды, жазбайды да. Ұялы телефоны ажыратылған. Қайдан іздерімді білмей отырмын. Бәлкім, оған бір нәрсе болған шығар. Тамақ батпайтын болды, көз іле алмаймын, - дедім. Өз рөліме еніп кеткенім сондай, көзіме жас келе жаздады.

Балгер суретке мұқият қарап алды да, әңгімесін бастады:

- Оның өте өктем адам екенін көріп отырмын. Өте мейірімсіз болатын кездері бар, жергілікті емес. Бір жақтарға, алысқа жиі шығады екен. Мол ақшаның оған келуі де тез, кетуі де тез. Бірақ ол сені өте жақсы көреді, саған кәдімгідей көңілі бұрған екен, шынымен де үйленгісі келеді. Ол ешқайда жоғалған жоқ, қашқан жоқ. Кешікпей келеді.

- Ал ол қайда кетпек? Бәлкім, ол менімен шынайы жүрмеген болар? Мүмкін, мен білмейтін нәрселер бар шығар?

- Ол ажырасқан ба?

- Білмеймін, біз өткен өмірімізді әңгімелеген емеспіз...

Балгер құмалақтарды шашып жіберіп, мұқият қарады да басын шайқады:

- Ол үйленген. Міне, мынау ол, мынау оның әйелі, ал мынау сен, - деп көрсетті әрігірек ұшып кеткен ақ тасты көрсетіп. – Олардың екі баласы бар. Бірақ тағдыр тағы бір сәбиді сыйға тартпақ, ұл сүйеді, ол бала сенен болады. Тек, көріп тұрсың ба (тастарды көрсетіп), оны әйелі жай жібере салмайды. Ол оның саған барар жолын жауып тастапты, саған некесіздік дуасын салған. Не істесең де, қандай жылылық көрсетсең де, ол әйеліне қайтып барады. Ол әйелдің саған жасағаны бүкіл өміріңді бұзуы мүмкін.

- Сонда ол маған қалай үйленгісі келген? Оған сәбиді қалай сыйламақпын?

- Енді, ол сені сүйеді, сенімен бірге болғысы келеді. Әйелі жібермейді. Әйелінің жіберген сиқырын сенен де, одан да алып тастау керек, сонда бірге боласыңдар. Бұл менің қолымнан келеді. Дұға оқимын. Екеуіңе 75 рет оқу керек, бір дұға – 1 000 теңге тұрады. Ақшаның көптігіне қарама. Махаббатқа баға жетпейді. Ол содан кейін бүкіл әлемді сенің табаныңның астына тастайды.

- Ал оның отбасы не болмақ? – деп болмадым мен де. – Отбасынан айырып алу күнә ғой, мен оның үйленген жан екенін білмедім ғой…

- Егер еркек басқа жақтан жылылық іздесе, онда үйінде бәрі жақсы болмағаны, - деп жымиды көріпкел. – Сендер бірге болуларың керек, соны көріп тұрмын.

Мен қабылдағаны үшін ақ матаның астына 2 мың теңге салдым да, ойланып көрем деп, кетіп қалдым.

 

ШЕРШЕ ЛЯ ФАМ

Екінші көріпкелге жаңа аңызымды айтып бердім.

- Мына адаммен арамызда үлкен махаббат бар. Бірақ, түсінесіз бе, оның жағымсыз іске қатысы бар. Құқыққорғау органдарымен проблемалар туындаған соң, түрмеге қамалмас үшін шетелге қашуға мәжбүр болды. Ал мен не істеймін? Оны күтейін бе? Ол қайта орала ма? Оны қамап тастаса ше?

Балгер картасын жайып жіберді де, сайрай жөнелді:

- Мен құқыққорғау органдарымен проблема көріп тұрған жоқпын. Бұл қате, оның кінәсі жоқ. Кешікпей, нағыз қылмыскерлерді ұстайды да бұл туралы естерінен шығарады. Рас, ол бұл жаққа ешқашан қайтып келмейді, шетелде қалады. Ол сені өзіне шақырады. Сен оған қазір күмәнданып тұрсаң да, оған барасың. Сендерде бәрі жақсы болады. Бұл үйленген адам емес пе еді?

- Ол бойдақ сияқты, мен басқа әйел туралы ештеңе білмеймін...

- Оның әйелі болған. Одан баласы бар. Бірақ сенің Мұхтарың одан баяғыда кетіп қалған. Ал ол әйел бұған әлі мойынсұна алмай жүр. Қара сиқырмен айналысады екен. Мұхтардың басындағы бүкіл проблемалар осы әйел дуа салған соң орын алып жатыр. Дуаның бетін қайтарып, енді дарымайтындай қорғаныс жасап қою керек. Содан соң екеуіңде де бәрі керемет болады. Өйткені сен онымен бірге өмір сүретін боласың. Егер дуаны қайтармаса, бақытты болмайсыңдар. Ол тек сенімен ғана болғысы келсе де, екеуіңнің араларыңда жүреді де қояды.

Өз қызметі үшін бұл көріпкел де әжептәуір ақша сұрады. Бірақ іс жүзінде менің Әбіләзовке деген сезімім жоқ еді, әрі онымен болашағымды бірге өткізсем деген ойым да жоқ. Сондықтан 1000 теңгені қалдырып, біржола кетіп қалдым. Менен кейін көріпкелге бір әйел кіріп кетті. Оның ісінген көздерінен үлкен проблемамен келіп отырғаны түсінікті еді...

 

НАСТЯ МЕН ВИКТОР

Алматының бұрынғы әкімі Виктор ХРАПУНОВТЫҢ қажетті фотосуреті google-ден бірден табыла кетті. Аз-мұз фотошоптың көмегімен сәлден соң ет жақын адамдардай боп тұра қалдық. Енді ше! Аңыз бойынша, Виктор Вячеславович осыдан бірнеше жыл бұрын ...үшін анамыз бен екеумізді тастап кеткен жеңілтек әкем еді. Балшыдан мен осы туралы сұрағым келді.

 

«ҚАРА СИҚЫРДЫ СЕРІК ЕТТІ»

Стройконторадағы пәтер есігін қара шашты жас әйел ашты. Аяқ киімімді шешпеуімді өтініп, мені кереуеті бар шағын бөлмеге кіргізді, шамасы жатын бөлмесі болса керек. Бұрышта үстел тұр, ал оның үстінде шыны шар тұр. Сол жерде карталар, уақ тастар, түрлі майшамдар жатты. Фотосуретті ұсынған соң, әшкерелеуге кірістім:

- Төрт жылдан бері қоңырау да соқпайды, хат та жазбайды. Ол қайда жүр, дені сау ма, өмір сүретін ақшасы бар ма, бұл туралы анам екеуміз ештеңе білмейміз. Қазір сондай заман болды ғой, бәлкім ол құлдықта жүрген болар немесе нашар адамдар оның ізіне түскен шығар. Оның ұрлыққа бейімділігі бар еді - қолға ілінгеннің бәрін үйге таситын. «Әкетайым» бәрін біз үшін жасайтын...

Қолын сермеп, маған тоқта деген белгі берген балгер фотосуретке үңіле қарады. Содан соң картасын жайып тастады. Ішім пыса бастаған кезде, маған бәрін білем дегендей көзқараспен тесіле қарады. Мен еріксіз қобалжып кеттім. «Не үшін келгеніңді білемін! Мені сынағың келген екен ғой, газет жансызы» деп айтар деп күткен едім, бірақ...

- Ол алысқа кеткен. Сіздерге қарай кері қайтар жол жабық. Оның жолын сенің әкең кеткен басқа әйел жауып тастаған. Жоғарғы дәрежедегі қара сиқыр. Сенің әкең зомби секілді жүр. Егер жолда келе жатып, оны қарсы жолықтырсаң, ол сені танымай, жаныңнан өте шығады. Ол вакуумде секілді, естімейді де, көрмейді де. Оның санасына күшті бөгет салынған. Мұндай күшті бірінші рет көріп отырмын. Бұл... ТЕРІС ҚАРАТАТЫН ДУА.

Соңғы сөзін қаһарлы түрмен айтқаны сондай, тұла бойым түршігіп кетті.

- Сіз сонда ол енді мені жақсы көрмейді дегіңіз келіп тұр ма? Әкетайым... Ол мені үнемі «менің ханшайымым» деп атайтын... – мен ойынымды бұзып алмас үшін жүзімді қол орамалмен әзер жауып үлгердім.

Көріпкел оны өзінше түсінді:

- Сіз көп уақыт жоғалтсаңыз да, бәрін түзетуге болады, - деп ол мені жұбатуға асықты. – Оның қызба, тік мінезді адам екенін көріп отырмын... Қазір ақша жағынан да тарығып жүр екен...

Қол орамалыммен мұрнымды пышылдатып тарта отырып, қарсылық білдірдім:

- Әкем мейірімді, сүйкімді, нәзік жан... және ол бизнесмен.

- Иә, көріп отырмын. Ол сондай болған, бірақ қазір өзгерді. Ол жақта қиын болып жүр, бірақ ол қолынан келгенше тірлік етіп жатыр. Мұның бәрі қара сиқырдың әсері.

- Оның менен басқа да балалары бар деп естіп едім (Храпуновтың екі ересек баласы бар. – Автордың ескертпесі)...

– Қызы бар. Бір жарым - екі жаста. Бірер жылдан кейін тағы сәбилі болады.

- Ал мен ше? Менің енді оған керегім жоқ па?

- Ол әлі қайтып келеді. Дуаның бетін қайтару керек. Мен қайтара аламын.

Сәл ойланып алып, шамасы менің әмиянымның көлемін бағаласа керек, көріпкел:

- 101 мың теңгеге шығады. Мен иерусалимдік майшаммен дуаны қайтарамын. Әрбіреуі мың теңге тұрады. Ойланып көр. Содан соң келерсің, - деді.

Картасын жинастыра бастаған ол сеанстың біткенін аңғартты. Содан соң үндемей отырды. Аһ, иә, төлеу керек екен ғой. Екі мың теңгені ұсындым да, келесі келушіге орнымды босаттым.

 

АҚ ЖАМЫЛҒАН КӨРІПКЕЛ

Драмтеатр ауданында тұратын көріпкел түгелдей аққа ораныпты. Ақ жайма, ақ қабырға, орындық та ақ екен. Жерге шұқшия қарап, фотосуреттегі ер адамның жасамыс көңілдесім екенін, оның өте ауқатты шенеунік екенін, бірақ қазір сыбайлас жемқорлық үшін қудаланып жүргенін мойындадым. Бұл жексұрын отбасымен бірге әлдебір жаққа кетіп қалған. Мені өзімен бірге ала кетпеді. Ал мен ақшасыз қалдым, әрі жүктімін.

- Оған сенімен жақсы, - деді ол іске кірісіп, саусағымдағы неке жүзігіне мән бермей. – Ал әйелі нағыз мыстан. Бітті, бәрін түсіндім: ол саған дуа салып, күйеуіне теріс қарататын оқу оқытқан.

– Дәл айттыңыз – мыстан... – дедім көңіл-күйім бұзылып. – Енді қалай болады? Оны күтейін бе, жоқ па? Түсік жасатайын ба, туып алайын ба? Бір ер адам маған үйленгісі келіп жүр, Витенька сияқты бай болмаса да, кедей емес. Болашақ сәбиді өз баласындай тәрбиелеуге сөз беріп отыр.

Түсік жасатсаң – бүкіл ғұмыр бойына өкініп өтесің. Туып ал. Ұлды боласың. Ал ана еркектің сөзін қабылдама, оған күйеуге шықсаң, бақытсыз боласың. Викторды күт.

- Оны бүкіл ғұмыр бойына күтемін... – деп мұңайдым мен.

- Ғұмыр бойына емес. Көріп тұрсың ба, крест жетілігі – жеті айдан кейін ол саған келеді. Ал әйелімен ажырасады. Соған жеткізген сол зайыбы. Ол сені қатты жақсы көреді, бірақ ескертіп қояйын – ол сенен де, сенің ұстамсыздығыңнан да, үнемі дау шығаратындығыңнан да шаршаған. Әйелдік даналығыңды көрсет, сонда онымен патшайымдай өмір сүресің.

- Керемет! Машина да сатып әпере ме?

- Сәнді үй көріп отырмын, машина…

- Ал қазір қайда ол?

- Басқа қалада, шамамен Ресеймен шекаралас жерде жүр.

- Ал оның криминалдық істеріне қатысты қалай? Оны түрмеге отырғыза ма?

- Оны ешкім де түрмеге отырғызбайды – адвокат бәрін реттейді.

Осылайша біздің сеансымыз да аяқталды.

Бізді кісі көп деп, алдын-ала жазылу бойынша қабылдағанын атап өткен жөн. Шамасы, Атырауда тылсым күштің қызметіне жүгіну сәнге айналған секілді. Біз болған жайтты қаз-қалпында баяндадық. Ал балгерлерге барасыз ба, жоқ па, ол сіздің өз еркіңізде.

 

Мұхтар ӘБІЛӘЗОВ, 1963 ж.т., «БТА банктің» бұрынғы басшысы және қожайыны.Қылмыстық топты құруға, алаяқтыққа, бөгде мүлікті иемденуге айыпталған. Оны радикалдық оппозицияны қаржыландырушы және Жаңаөзендегі оқиғаға қатысы бар деп есептейді. 2009 жылдың басында Қазақстаннан қашып кетіп, оған іздестіру жарияланды. 2012 жылдың басына дейін Лондонда болған, Англияның жоғарғы соты оны 22 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Қазір қай жерде жүргені белгісіз. Кейбір мәліметтер бойынша, Францияда деседі. Үйленген, үш баласы бар.

 

Виктор ХРАПУНОВ, 1948 ж.т., Қазақстанның мемлекеттік қайраткері, Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы төтенше жағдайлар жөніндегі министр. 2008 жылдың сәуірінде жұбайы Ләйламен бірге Швейцарияға қоныс аударды. 2009 жылдың желтоқсанында Виктор Вячеславович $290–380 млн капиталымен Швейцарияның ең ауқатты 300 тұлғасы тізіміне енді.

1 тамыз 2012, 18:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.