Биылғы жыл соңына дейін барлық қазақстандықтар электрондық үй кітабына енгізілетін болады. Үйде тіркелгендерге арналған үй кітабы мекенжайдың тіркеу кодына (МТК) бекітіледі. Бүгінгі күні Атырау облысында халықтың 21%-ы МТК алды, деп хабарлады Атырау облыстық ІІД Көші-қон қызметі басқарсмасының бастығы Болат ДОСҚАЛИЕВ.
- Электронды үй кітабы әр елді мекен үшін халықтың көші-қонын бақылауды жақсартады, үй иесіне өз мекен-жайында тіркелген адамдар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Мекенжай анықтамасын онлайн-режимде «Электрондық үкімет» порталы арқылы тегін алуға болады, - дейді Б.Досқалиев. - Енді бір алаңда өте көп адамдар тіркелетін «резіңке» баспана болмайды. Бұрын қағаз үй кітаптары болған кезде, бір үйде қанша адам тіркелгенін көре алатын едік. Сонда «Кешіріңіз, бірақ сіз енді осы алаңға ешкімді тіркей алмайсыз» дейтін едік. «Қағаздан» бас тартқан кезде, бұл мүмкіндік жоғалды, ал енді ол электронды түрде қайта пайда болады. Тағы бір артықшылығы - коммуналдық және басқа ұйымдар осы база деректерін әкімдіктер арқылы сұрата алады және қайда қанша адамның тіркелгенін және коммуналдық қызметтер қалай төленетінін дәл білетін болады.
- Ертеде салынған үйлер туралы мәліметтер, әсіресе, ауылдық жерлерде тек қағаз түрінде қалуы мүмкін екендігін ескеру керек, - деп жалғастырды Досқалиев. - Сондықтан біздің азаматтарға өтінішіміз - электрондық кітапқа дұрыс ақпарат енгізу үшін жақын орналасқан ХҚКО-на отбасы мүшелерінің жеке куәліктері мен құжаттарын алып келіп, мекен-жайдың тіркеу кодының бар екеніне көз жеткізулері керек. Тіркелген болып, бірақ код дерекқорға енгізілмеген болуы мүмкін. Сонымен қатар, көп ұзамай МТК болған жағдайда ғана тұрғын үйге тіркелу және жалпы құжаттандыру мүмкін болады.
Жазып алған Фархат ӘБІЛОВ