23 жыл бойы зерттеу жүргізген ғалымдар осылай деп дабыл қақты. Нақтырақ айтсақ, әлем жұрты демалатын Альпі шыңдарындағы қардың еру жылдамдығы қарқын ала бастаған, деп хабарлайды Хабар 24.
Бұл 1995 жылдан бері жерсерігінен түсірілген 6,5 мың суретті зерттеген Женева университеті ғалымдарының пікірі. Мұндай ғылыми жұмыс жергілікті билікке де тиімді. Себебі еріген қар суының қаупі де анықталады.
Жоба жетекшісі Грегори Джулианидің айтуынша, өзгеріс туризммен жан бағып отырған ел экономикасына да кесірін тигізбей қоймайды.
"Вале кантоны - шаңғы тебуге қолайлы Швейцарияның ең танымал жері. Алғашқы онжылдықта осындай өзгеріске тап болдық. Қара көкпен боялған жерде қалың қар жатқанын білдіреді. Енді дәл осы жерді 2015 пен 2017 жылдар аралығында салыстырсақ, қардың біртіндеп азайып бара жатқанын байқауға болады. Қардың еруі туристік индустрияға да теріс ықпал етеді. Валеде демалу орындары өте көп. Әсіресе тау туризмі шығынға ұшырауы мүмкін", - дейді Зерттеу жобасының жетекшісі Грегори Джулиани.
2017 жылы Швейцарияға ағылған саяхатшылардың нөпірі бірнеше есе артты. Федералды статистикалық басқармасының мәліметі бойынша өткен жылы туризм саласы ел қазынасына 47 млрд швейцария франкісін құйған екен.
Дереккөз: inform.kz